Сәуленің есімі алғаш рет осыдан 22 жыл бұрын, 1989 жылы танылған. Ол - Қазақстанда өткен ең алғашқы «Мисс Қазақстан» байқауының жеңімпазы.
Биші біраз жыл бойы шетелдік балет ұжымдарында жұмыс істегеннен кейін туған жері - Қазақстанға қайта оралады. Қазір театр сахнасымен қатар, киноға да түсіп, актриса ретінде де танылып келеді.
Танымал прима-балерина, ең алғаш «Қазақстан аруы» атанған Сәуле Рахметова бүгін 23.30-да «Түнгі студияда» қонақта.
Біздің анықтама:
Сәуле Рахметова – 1969 жылы Қарағанды облысы, Теміртау қаласында дүниеге келген. Көп ұзамай отбасымен Алматыға көшіп келеді. Балет училищесінің педагогтары Сәулені үшінші сыныпта оқып жүргенде байқаған. Үш күнге созылған іріктеуден кейін бүкіл Қазақстаннан үздік балалар жиналады.
Сәуле Рахметова 1987 жылы Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесін (ҚазКСР Халық әртісі, профессор Сара Көшербаеваның сыныбы) бітірген. 1987-1989 жылдары Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында жетекші партияларда өнер көрсетеді. Сонымен қатар, алғашқы сұлулық байқауларында жеңіске жетті: «Мисс Алматы» (1988) және «Мисс Қазақстан» (1989). Өзінің балеттік бой түзеу мәнерімен ол басқа қатысушылар арасында ерекше көрініп тұрды.
1989 мен 1995 жылдар аралығында Сәуле Рахметова Мәскеу ұлттық театрының солисі болды. Ол жерде оған РФ Еңбек сіңірген әртісі Сергей Радченко жетекшілік етті. Ұлыбритания, Жапония, Еуропа, АҚШ және өзге де елдерге гастрольге шықты. Осыдан соң ол бір жылға жуық уақыт Германияда тұрып, Гете атындағы тілдер институтында оқыды.
1999 жылы ол Америкаға, Нью Джерсиге кетеді. Онда ол «New Jersey Ballet» балет ұжымында жетекші балерина болды. Сол жерде Сәуле моңғолдық биші Тувшин Болдпен танысып, кейін онымен бірге көп би орындайды.
«Жизель», «Лебединое озеро», «Дон Кихот», «Ұйқыдағы ару», «Раймонда», «Баядерка», «Щелкунчик», «Ромео мен Джульетта», «Эсмеральда», «Бахчисарайский фонтан» спектакльдерінде, Джордж Баланчин, Джордж Томал, А. Пайрфарок, А. Кодж, Джинджер және т.б. балеттерінде жетекші партияларды орындады.
Сәуле Рахметова жерлестерінің алдында өнер көрсетіп қоймай, жас әртістермен тәжірибесімен бөлісу үшін жыл сайын Қазақстанға келіп отырады. 2009 жылы ол «Қазақстан» телеарнасындағы «Екі жұлдыз» ән шоуына қатысты.