Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Президент грантының иегері, «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары, журналист Қайнар Олжайдың «Жер мен Аспан арасындағы дастан» атты кітабы жарық көрді.
Мемлекеттік тапсырыспен «Қазақпарат» баспасынан шыққан жинақ ҚР Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша оқырманға жол тартты.
Жаңа топтамаға автордың экологиялық очерктер енген және бұл очерктер тұтаса келе бір желіні құрайды. Ол туындылары арқылы оқырманды табиғатқа, ондағы аң-құс пен жануарларға, өсімдіктер мен тау-тасқа ыждаһаттылықпен және қамқорлықпен қарауға үндейді.
Сондай-ақ, әлемдік құбылыстарды бағалауда арғы-бергі қазақ жыраулары мен ақындарына, жазушылары мен ойшылдарына жүгінеді. Сол арқылы ғаламдық мәселелердің біздің даламызға ортақ екенін аңғартады.
Айта кету керек, туындыда ғылыми деректер мен зерттеулер, көне әфсаналар мен аңыздар да қамтылған.
«ЖЕР мен АСПАН арасындағы дастан» кітабының мазмұнында - «СИЫР төңірегіндегі шиыр», «ШАЯН хақындағы баян», «ТҮЙІР шығарған бүйір», «ОБА айналасындағы дода», «КЕПТЕР жеткізген кептер», «СҰРТОРҒАЙ неткен сұм торғай», «ВЕЛИК ең керемет көлік», «ТАРБАҒАН қайда бармаған», «ЕСЕК шығарған есеп», «ҚОЛТЫРАУЫН көрсетпес қалтырауын», «АҚ ШЫРАҚ, жырлайын сені жақсылап», «ПЛАСТИК, бітті ғой Жерді лас қылып», «МЫСЫҚ неден пысық?» атты 13 туынды бар.
Кәсіби журналист жолсапар очерктерінде Швеция-АҚШ,Түркіменстан-Германия-Франция-Қытай, Тель Авив-Иерусалим, Солтүстік Америка, Копенгаген-Лондон-Венеция, Австрия, Италия, Киев, Ашхабад-Бейжің, Пәкістан-Ауғанстан-Өзбекстан-Қырғыз Республикасында өткен іс-сапар барысы туралы баяндайды.
2000 данамен шықққан жинақ табиғаттың тылсым сырына қанығып, қызығушылық танытқан көпшілік қауымға арналған.