29 қыркүйекте «Астана Опера» театрында алғашқы махаббат, шексіз шаттық пен сауық-сайран, жалындаған жастық шақ жайлы «Богема» спектаклі қойылады, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.
Дж. Пуччинидің жастарға арналған нәзік музыкасы ер мен әйелдің қарым-қатынасын жеткізеді. Ғажайып Мимидің рөлінде әдемі де, кең дауысты - Айгүл Ниязова. Сезімтал Салтанат Ахметова сыңғырлаған ашық дауысты Мюзеттаның партиясын шырқайды. Сарқылмас сезімге толы атмосфераны жеткізетін теңдесі жоқ актерлер құрамында осы операны атақты итальяндық «Арена-ди-Верона» театрында басты партияларда ойнайтын Медет Шотабаев (Рудольф) пен Сүндет Байғожин (Марсель) бар. Евгений Чайников Шонар партиясын, Артур Қайыпқұлов Колленді шырқайды.
Дирижерлық тізгінде - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, делінген хабарламада.
Операда көбіне өмірлері қайғылы келетін өнер адамдарының тағдыры баяндалады. Сюжет жазылмайтын ауруға шалдыққан Мимиді кезіктіретін кедей ақын Рудольфтің махаббаты жайлы және Марсель есімді суретші мен оның жеңілтек дос қызы Мюзеттаның хикаясын көрсетпек.