Шығыс өңіріне Қытай Халық Республикасы Шыңжан-Ұйғыр автономиялық республикасының Тарбағатай аймағы партиялық комитетінің бірінші хатшысы Жан Бо бастаған делегация келді, деп жазады inform.kz.
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев делегация жетекшілерімен кездесіп, тараптар арасындағы негізгі мәселелерді талқылады. Кездесуде қытайлық тарап Шәуешек пен Қарамай арасындағы теміржол құрылысын Аягөз қаласына дейін созуды ұсынды. Шетел өкілдерінің айтуынша, жаңа теміржол екі ел арасын жалғап, тауар айналымына септігін тигізбек. Сонымен қатар, Семей мен Шәуешек қалалары арасында әуе байланысын ұйымдастыру көзделіп отыр.
«Делегация өкілдерімен көлік-логистикалық орталығын құру жөнінде әңгімелестік. Бұл Семей үшін өте маңызды. Бірқатар еуропалық елдер шектеп отырған тауарлардың үлесін еліміз, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысы толтыруы тиіс. Өз еліміздің және көршілеріміздің тауарын Семей арқылы тасымалдай аламыз. Бұл ретте біздің географиялық орналасуымыз теміржол, автожол және әуе желілері арқылы тиімді бола түседі. Осы мүмкіндікті пайдалануымыз қажет», - деді Бердібек Сапарбаев өз сөзінде.
Фото: news.nur.kz