Елордада жүрдек автобус жүйесін (BRT) жүзеге асыру қолға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада жүрдек автобус жүйесін (BRT) жүзеге асыру қолға алынды

24.09.2014
Елордада жүрдек автобус жүйесін (BRT) жүзеге асыру қолға алынды

Жүрдек автобус жүйесі (BRT) қалалық жолаушылар көлігімен ыңғайлы және қауіпсіз жол жүруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды елорданың ресми сайты. Жол қозғалысын ұйымдастыруды жақсарту мақсатында арнайы бөлінген жолақтармен жүретін жүрдек автобустар сатып алу жоспарланған. Жолдың жүретін бөлігінен бөлек жабық жолаушылар станциялары салынбақ.

Қазіргі кезде учаскелерге инженерлік желілерді, соның ішінде ұялы байланыс, электр қуатын жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстар көлемі 20 пайызды құрайды. Алдымен, әуежай, EXPO қалашығын, «Әбу-Даби Плаза» және жаңа теміржол вокзалын байланыстыратын 18 станция іске қосылмақ.

Сонымен қатар, құрылыс алаңдарын абаттандыру, топырақ дайындау, өндірістік, әкімшілік ғимараттардың фундаменттері үшін шұңқырлар жасау жұмыстары қолға алынды. Қабанбай батыр даңғылынан Сығанақ көшесіне дейін BRT жүйесі бағытының бойында және депо орналасатын жерде ағаштарды кесу және көшеттерді басқа жерге отырғызу жұмыстары жүргізілуде.

 

Фото: 24.kz

Хабарламаларға жазылу