«Қазақстан-Орал» телеарнасына – 50 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан-Орал» телеарнасына – 50 жыл

26.09.2014
«Қазақстан-Орал» телеарнасына – 50 жыл

Батыс Қазақстан облыстық телестудиясы өзінің тұңғыш хабарын 1964 жылы 26 қыркүйекте эфирге шығарды. 1964 жылы 15 тамызда Орал телеарнасының тұсауы кесілмес бұрын, облыстық Телевизия және радио хабары комитеті құрылып, оның алғашқы төрағасы болып сол кезде Мәскеу жоғары партия мектебін бітірген жергілікті маман Наурыз Сыдықұлы Сыдықов бекітілді.

Облыстық телерадио ұжымын ширек ғасырға жуық басқарған ол басқарушылық қабілетімен телестудияның аяғынан қаз тұруына өзіндік үлес қосты. Биыл филиал басшысының бастамасы бойынша Орал қалалық мәслихатының шешімімен телестудия орналасқан көшеге Н.Сыдықовтың есімі берілді.

Одан кейінгі әр жылдары ұжымның тізгінін ұстаған Молдағали Рысқалиев, Ғарифолла Көшенов, Махамбет Машекенов, Мнир Сулейманов, Шавхат Өтемісов (қазір ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты) облыстық студияның дамуында өз іздерін қалдырды.

Ал теледидар тарихы туралы сөз болғанда арнаның алғашқы буын қызметкерлері болған А.Вдовин, А.Иночкин, Е.Қасенов, С.Ғұмаров, Л.Архипов, М.Нұғманова, С.Ғазизов, Ю.Юмашева, Н.Чесноков, Ғ.Тұрғаналиев, А.Дош, Ж.Габдуллина,А.Агелеуова, Л.Глазова, Р.Кабашева, Т.Гилманова, Г.Корчагина А.Қарасаева, А.Садомсков, К.Чукеев, С.Власов, В.Иванов Е.Чернов, И.Чеботарева, Т.Яценко, Л.Словцов, В.Ситник, З.Ляпина, Е.Киняхина, Л.Власова, В.Наугольнов, С.Квятковский, Р.Алексеева, В.Рассолов есімдері алдымен аталады.

Күнделікті жалпы эфир уақытының ұзақтығы 3-4 сағат болды. Бағдарлама жаңалықтар мен бір-екі хабардан және көркем фильмдер көрсетуден тұрды. Бастапқы уақытта хабарлар мен жаңалықтарды беруде фотосуреттер пайдаланылды. Кейін кинокамералар алынған соң фотосуреттерді қара – ақ түсті кинопленкалар ығыстыра бастады. Дегенмен, фототілші штаты 15 жылдай сақталды.

Облыстық арна ашылған тұста одақтық және республикалық телевизияның қызметі әлі облыс орталығына жете қоймағандықтан оралдық көрермендер жергілікті хабарларды жіті қадағалап, жібермей қарайтын.

Облысқа іс-сапарлармен келген еліміздің танымал өнер адамдары мен ақын-жазушылары да студияға ат-басын бұрмай кетпейтін. Нәтижесінде көрермендер КСРО Халық әртістері Б.Төлегенованың, Х.Бөкееваның, Е.Серкебаевтың және басқа да әйгілі өнер жұлдыздары мен Ж.Молдағалиев, С.Сейітов секілді белгілі ақындармен дидарласу мүмкіндігіне ие болатын.

Арнаның шығармашылық ұжымы өз жұмыстарын одақтық және республикалық эфирден де көрсетуге тырысты. КСРО кезінде Орал студиясы дайындаған бағдарлама екі рет Мәскеуден, бірнеше рет Алматыдан берілді.

Бүгінде «Қазақстан – Орал» телеарнасы бойынша тәулігіне 14 сағат, ал аптасына 98 сағат бағдарламалар беріледі. Аптадағы хабарлардың 21 сағатын республикалық, 5 сағатын облыстық мемлекеттік тапсырыс құрайды. Телеарна бойынша тәулік сайын эфирге беріліп отырған төл хабарлардың 4 сағаты тың бағдарламалар. Оның 60 пайызы қазақ тілінде дайындалады.

Хабарламаларға жазылу