Құрбан айт – мұсылмандардың ең қасиетті мерекесі. Ол Ораза айттан кейін, 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «Шалқар» ұлттық арнасы арқылы барша қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады.
«Құрбан айт – бірлік пен игілік, кешірім мен мейірім мерекесі. Бұл ұлық мереке ағайын арасын жақындатып, көршілерді, ұлыстар мен ұлттарды ынтымаққа ұйытып, татулыққа шақырады. Құрбан айт – отбасылық мереке. Мүбарак мейрамның құрметіне орай, барша отандастарымды, кәсіпкер бауырларымды, дін жанашырларын Құрбан айтта мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетімдер мен жесірлерге, қараусыз қалған қарияларға арнайы қайырымдылық іс-шаралар өткізіп, айттың қуанышын сездіріп, оларға мүмкіндігінше көңіл бөлуге шақырамын. Ұлық мереке мүбарак болсын!Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, кәсіптеріңізге адалдық пен береке тілеймін. Еңселі елдің болашағы баянды, тәуелсіздігіміз мәңгі болғай», - деді бас мүфти.