Елбасы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның трансформация форумына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның трансформация форумына қатысты

06.10.2014
Елбасы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның трансформация форумына қатысты

Форумға Қазақстанның мемлекеттік органдарының, халықаралық қаржы институттарының, соның ішінде ЕҚДБ және ЭЫДҰ, қазақстандық қорға ұқсас Temasek, Khazanah, Korean Investment Corporation, Qatar Investment Authority секілді шетелдік қорлардың өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде «Самұрық-Қазына» қорын қалыптастырар кезде ел байлығын еселейтін, жоғары технологиялы әрі тиімді компания құру көзделгенін айтты.

- Ол құрылғаннан кейін әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс басталып, оны еңсеру ісіне қор атсалысуға мәжбүр болды. Ол ауыр жағдайдағы бірқатар екінші деңгейлі банктердің активіне кірді. Қазір енді Қордың тікелей қызметімен айналысатын уақыты туды, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қор мемлекеттің мұнай-газ және атом өнеркәсібіндегі, энергетика, көлік және коммуникациялардағы ірі активтерін біріктіретіндігіне тоқталды.

- Қордың жиынтық активі республикамыздың ІЖӨ-нің жартысына тең. Соңғы үш жылда Қор компаниялары бюджетке 2,5 триллион теңге аударды. «Самұрық-Қазына»  еліміздегі ең ірі жұмыс берушілердің бірі саналады – онда 350 мыңнан астам адам жұмыс істейді. «Самұрық-Қазына» қоры – іс жүзінде екінші Ұлттық қор. Онда елдің байлығы шоғырланған, ол біздің қазіргі және болашақтағы игілігіміздің көзі болып саналады. Елдің әрі қарайғы дамуы да трансформация бағдарламасын қалай орындайтынымызға байланысты, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің айтуынша, бұл бағдарлама әлемнің жетекші қорларының тәжірибелеріне сүйенген және бірнеше мақсатты көздейді.

- Біріншіден, Қор компанияларының құнын ұлғайту. Екіншіден, портфельдің басқарылу тиімділігін арттыру. Үшіншіден, Үкімет, Директорлар кеңесі, Қор басқармасы, сондай-ақ Қор мен оның портфельдік компаниялары арасындағы жауапкершілікті айқын бөлу, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қордың жиынтық активі бес жыл ішінде 200 миллиард долларға дейін еселенуі үшін трансформация аясындағы күш-жігер, бірінші кезекте, Қор компанияларының жаңа құнын қалыптастыруға бағытталуы тиіс.

- Бұл реттегі өсім портфельдік компаниялардың жаңа құнын қалыптастыру есебінен жүруі тиіс. Бұған өнімділікті арттыру, жоғары технологиялы және табысты жобаларға инвестициялау жолымен жетуге болады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы 5 жылдан кейін Қордың үш компаниясы әлемдегі ірі компаниялардың Fortune-500 тізіміне кіру керектігі жөнінде міндет қойды. .

- Қазір бұл рейтингке негізінен түсімдері 5 –тен 500 миллиард долларға дейін құрайтын батыс компаниялары кіреді. Сонымен бірге кейінгі кездері азиялық компаниялардың үлесі айтарлықтай өсті. Мәселен, 2003 пен 2014 жыл аралығында қытайлық компаниялардың саны 8 –ден 95-ке дейін өсті, ал CNPC мемлекеттік мұнай корпорациясы алғашқы бестікке кірді. Сондай-ақ тізімде ресейлік 8 компания бар. Fortune тізіміне кірудің негізгі өлшемдері түсім мөлшері мен қаржылық есептіліктің айқындығы болып саналады.  Түсім мөлшері жөнінен Қордың кемінде екі компаниясы – «ҚазМұнайГаз» және «ҚТЖ» аталған тізімге әлден-ақ кіре алады, - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев елімізде бүгінде «Самұрық-Қазына» компаниясына бәсекелес іс жүзінде жоқ екеніне, бірақ ол әлі тиімділік көрсеткіші жағынан трансұлттық компаниялармен және шетелдік жетекші мемлекеттік корпорациялармен салыстыруға келмейтініне назар аударды.

- Біз шетелдік стратегиялық серіктес тартқан «Эйр-Астана» ғана қазіргі кезде жаһандық нарықта лайықты бақталас бола алады. Тек сол ғана әлемдік бәсекелес-компанияларға қарағанда, капиталды пайдалану тиімділігін жоғары деңгейде көрсетіп отыр. «Қазатомөнеркәсіп» және  «Қазақстан темір жолы» да жақсы нәтижелер мен капиталды пайдалану тиімділігін көрсетуде. Бірақ Қордың басқа компаниялары, өкінішке қарай, мұндай жетістікпен мақтана алмайды. «ҚазПочта», «Кегок» тиімділігі төмен компаниялар ретінде қалып, бүгінгі таңда әлемнің осы тектес компанияларымен бәсекелесуге қауқарсыз болып отыр, - деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Қазақстан Президенті бәсекеге қабілеттілікті көтеру үшін бірқатар бағыттарды атады.

- Қорға өзінің тиімділігі мен өнімділігін едәуір көтеру керек. Бұл реттегі өсім 2-3% құрамауы тиіс, таяу 5 жылда 30-40% секіріс жасау керек. Ол үшін өндіріс пен басқару технологияларына, нарықтық сараптамаға ие стратегиялық серіктестер мен инвесторларды белсенді түрде тарту қажет болады. Соның арқасында Қор компаниялары, бірінші кезекте, Кеден одағы елдерінің нарығына, сосын сыртқы нарықтарға шығып, бәсекелестікке түсуі тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қордың өз ғылыми-техникалық әлеуетін дамытқаны жөн екендігін айтты.

- Қордың «Назарбаев Университет» базасында құрылған ғылыми-зерттеу орталығы – алғашқы қадам ғана. Компаниялардың өзінде зерттеу зертханаларын қалыптастырып, жетекші ғалымдар мен ғылыми орталықтарды тарту  керек. Қор компанияларының зерттеулер мен әзірленімдерге шығыстары болашақта он есе ұлғаюы тиіс, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев «Халықтық ІРО» бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырудың, оған қазақстандықтарды барынша көп тарту қажеттігін атап өтті.

-  Акциялар бірнеше ірі әрі шапшаң инвесторлардың қолына емес, халықтың қолына тиетіндігіне сенімді болу үшін нақты ережелерді анықтау керек.  Барлық үдерістердің толық айқындығы мен ақпараттың қол жетімділігі қажет, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті «Самұрық-Қазына» қоры елдегі жеке сектордың дамуына септігін тигізуі керектігін айтты және табиғи ресурстары шектеулі болса да индустрия көшбасшысы болған компанияларды шығара білген Оңтүстік Кореяны мысалға келтірді.

- «Самұрық-Қазына» да жаңа салалар мен компанияларды шығарып, өндірісті ірілендіре алады. Белгілі бір деңгейге жеткенде Қор олардың құрамынан шығып, сол арқылы елдегі жеке сектордың дамуына үлес қосар еді. «Самұрық-Қазына» қорының көшбасшылығы мен маңызды міндеті осыдан көрінетін болады, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнесті дамытуды ұлттық мәселе деп атады.

- 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі 50%-ке жетуі тиіс. «Самұрық-Қазына» бұдан шет қалмауы керек. Қор өзінің әрбір компаниясының айналасында шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасауы қажет. Трансформация осы міндетті жүзеге асыруға жағдай жасайды, өйткені Қорда тек негізгі бизнес қана қалуы тиіс, ал қосалқы функцияларды ШОБ атқара алады, - деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев трансформация бағдарламасының басталуы ел үшін маңызды оқиға екенін, оның қатаң бақылауда болуы тиістігін айтты.

Форум барысында сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ө.Шөкеев баяндама жасап, трансформация бағдарламасы бір-бірімен байланысты бірнеше мақсатты көздейтінін атап өтті.

- Қорға қызметтің негізгі көрсеткіштерін көрсететін барлық жүйелерді, еншілес компаниялардың барлық инвестициялық және операциялық стратегияларын қайта қарап шығу керек. Біз Қордың өзіндегі салалық командаларды күшейтіп, инвестициялық комитеттерге ірі жобаларды жүзеге асыру бойынша бірегей өкілеттіктер беретін боламыз. Осы мақсатқа жету үшін Қордың активіне тотальды ревизия жүргізу, қайтақұрылымдау, жекешелендіру, бірігу және қосып алу жолымен портфельдің оңтайлы құрылымын анықтау, дәстүрлі салалардағы тиімсіз активтерден арылу және энергетикада, металлургияда, химиялық, туристік салаларда және «жасыл» индустрияда жаңа кәсіпорындар құру ұсынылады, - деді Ө. Шөкеев.

Сондай-ақ Маккензи консалтингтік компаниясының басшысы Д.Бартон, «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Р.Эванс, трансформация саласындағы әлемдік деңгейдегі сарапшы, Адизес институтының директоры И.Адизес және  Нью-Йорк университетінің экономика профессоры, Нобель сыйлығының лауреаты Н.Рубини Қорды трансформациялау бағдарламасын жүзеге асырудың тиімді бағыттарына қатысты өз пікірлерін ортаға салды.

 

akorda.kz

 

Хабарламаларға жазылу