Еліміздің тарихында алғаш рет Тәуелсіздік күні мемлекеттік Туымыз Антарктиданың ең биік нүктесі- Винсон шыңына (4892 м) орнатылды.
Полярлық экспедиция қатысушылары - белгілі альпинистер Мағжан Сағымбаев пен Ілияс Ғалымбеков ауа райының өзгерістеріне байланысты кестеге енгізілген түзетулерге қарамастан, Винсон шыңына шықты. Альпинистер шыңды алар алдында тұман мен қардың тоқтағанын бірнеше тәулік бойы төменгі лагерде күтіп отырған.
Алматы қ. Qazaq Geography өңірлік өкілдігінің басшысы, экспедиция тобының жетекшісі Мағжан Сағымбаев: «Осы таудың басына шығу үшін біз жарты жыл бойы саналы түрде бар күшімізді салып дайындалдық. Жоғары қарай көтеріңкі көңіл-күйде көтерілдік. Өзің үшін тауға шыққаның бір бөлек, ал, елің үшін жасаған әрекетің мүлде басқа сезім тудырады», дейді.
Винсон шыңы өзінің географиялық орналасуына байланысты «7 summits» альпинистік бағдарламасының күрделі биіктіктерінің бірі саналады. Мағжан Сағымбаев пен Ілияс Ғалымбековтің шыңды сәтті бағындырғандарының арқасында Эльбрус пен Аконкагуа секілді мәнді өрлеулердің қатарына Винсон да кірді.
inform.kz