«Егемен Қазақстан» жалпыұлттық республикалық газетінің шолушысы Айнаш Есалидің алғашқы кітабы жарық көрді.
Кітап «Махаббатқа сенуге көмектесіңізші...» деген атаумен Алматыдағы «Раритет» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен жарыққа шықты.
Кітапта әңгімелер, эсселер мен новеллалар, мезгіл миниатюралары топтастырылған. Мұқабадағы суретті Қазақстан Суретшілер Одағы төрағасының орынбасары Өмірбек Жұбаниязов салған.
Кітап атауына келсек, бұл туралы автор былай дейді: «Бастапқыда бұл кітап өзге атаумен жазылған болатын. Баспамен келісім-шартқа отыратын кезде Жабал Ерғалиевтің Алматыда жүріп жатқан «Қас қағым» дейтін спектакліне барғанмын. Сол жерде әке-шешесі жындыханаға жатқызып тастаған байдың қызы (жетім жігітпен сөз байласқаны үшін) аурухананың бас дәрігеріне: «Махаббатқа сенуге көмектесіңізші, жақсы адамдардың барына сенуге көмектесіңізші» деп жылап, шарасыз күйге түсетін жері бар... Сол әсер етті. Осылайша, тақырыбы эмоциямен қойылып кетті. Кейін кітаптың атын өзгертпекші болғам, бірақ, бекітіліп кеткен соң үтірін де өзгерте алмадым. Бірақ, кітаптың редакторлары да, әлеуметтік желідегі жастарға да осы атау жақын сияқты. «Көптеген кітаптар бірден атауынан бастап ақыл айтудан басталады. Керісінше таптаурын болмаған осы атауда бір интрига бар сияқты», - деп баға беруде».
Айнаш Есали – «Егемен Қазақстан» жалпыұлттық республикалық газетінің шолушысы, Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан журналистика Академиясының жалпыұлттық ең мәртебелі «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері.
Айнаш Есали 1972 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Алматыдағы №2 қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатқа 1987 жылы қабылданған. Мектеп табалдырығында жүріп 1988 жылы тұңғыш рет ұйымдастырылған Республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пәні олимпиадасына қатысқан. Шағын мақалалары мен әңгімелері оқушы кезінен-ақ республикалық басылымдарда жарық көре бастаған.
1989 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға қабылданады.
Университетті тәмамдағанннан кейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстанның жоғары мектебі» журналында қызметін бастап, көп ұзамай республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне жұмысқа қабылданады. Айнаш Есали қазір аталмыш басылымның белді шолушысы, әмбебап журналистке айналды. Көптеген журналистік байқаулардың жеңімпазы атанды. Медиа-тренер ретінде де түрлі семинарларды жүргізеді. Қазақстандағы кәсіпқой журналистер қатарына көтерілді.
АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Нидерланды, Гонконг, Қытай, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен тікелей репортаждар дайындай жүріп, 2006 жылы Қазақстан журналистер Одағының «Жыл репортері» аталымы бойынша марапатталады.
Айнаш Есали 2012 жылы Қазақстан журналистика Академиясы тағайындайтын жалпыұлттық ең мәртебелі «Алтын Жұлдыз» сыйлығымен марапатталды. Көптеген республикалық журналистік байқаулардың жүлдегері.