9 қазан – пошташылардың төл мерекесі. Дүниежүзілік пошта күні - Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде атап өтілетін халықаралық күндердің бірі.
Бұл күні Дүниежүзілік пошта одағы 14-ші конгресінің шешімімен одақтың 1874 жылы құрылған күні құрметіне атап өтіледі. Ал Дүниежүзілік пошта күні ретінде Пошташылардың дүниежүзілік одағының 1969 жылы Токиода өткен конгресінде жария етілді.
1874 жылы 9 қазанда Швейцарияның Бьерне қаласында 22 елдің өкілдері Бас пошта одағының негізін бекітетін Берн келісіміне қол қойды. 1878 жылы одақ өз атауын өзгертіп, Дүниежүзілік пошта одағы (ДПО) деп атала бастады. Бүгінгі күні ДПО-ға 189 мемлекет мүше. Бүкіл әлемде 9 қазаннан бастап халықаралық хат апталығы өткізіледі.
ДПО-ның мәліметтеріне сәйкес, халықаралық пошта өз клиенттерінің 6800 тілінде сөйлейді және поштаны жеткізіп салудың әлемдегі ең ұзын желісі. Ол тауарларды сенімді, тиімді әрі артық шығынсыз жеткізіп салуды, сондай-ақ идеялар алмасуды қамтамасыз ету үшін арналған. ДПО әртүрлі ауқымдағы фирмаларға клиенттерді іздеп табуға және олардың сұраныстарына жауап беруге көмектеседі.
Қазақ жерінде де поштаның өзіндік дәстүрлі тарихы бар. Ресми түрде пошта бөлімдері ашылмаған тұста да қазақ даласының о шетінен бұ шетіне хабар жеткізетін арнайы қызметкерлер болыпты.
Жаушының, елшінің жолға шыққандағы мақсаты жауластыру, не елдестіру болғанымен, бұл мақсаттың түп-төркінінде бір жерден екінші жерге ақпарат жеткізу мұраты тұрған.
Мысалы, Әбілқайыр хан мен Әйтеке би саяси шаралар кезінде белгілі бір міндеттер атқаратын, сол заманның хабаршылары — жаушылар ұстаған. Тарихи әдебиеттерге қарап отырсақ, хабар жеткізушілерді әдетте ел ішіндегі ауқатты, беделді байлар, хандар ұстаған.
Бір адамнан екінші адамға ақпарат беру алғашқы қауымдық құрылыс кезінен-ақ қалыптасқан. Әуелгі кезде адамдар маңызды ақпаратты дауыс арқылы берсе, кейін адам дауысы тек жақын аралықта ғана естілетін болғандықтан, ақпаратты барабан ұрумен беретін болыпты. Бір жерден екінші жерге белгі беру үшін алғашқы адамдар от пен түтінді де пайдаланған.
Кейін сәлемдемелерді жаяу адамдар мен аттылар таси бастады. Ежелгі Грекияда, Египет пен Қытайда, Рим империясында мемлекеттік пошталық байланыс эстафета арқылы берілетін жаяу және атты тасымалдаушылардан тұрды. Хат тасу үшін кептерлер де пайдаланылған кездер болған.
Ежелгі Грекияда соғыстың жиі болғандығы салдарынан пошта жүйесі баяу дамыды. Үкімет хат тасу үшін жаяу пошташыларды жұмысқа алды, олар гемеродром деп аталды. Олар сағатына кемінде 10 шақырым жаяу жүретін болған. Аса маңызды хабарларды жеткізу үшін атқа, не түйеге мінген пошташыны жұмсайтын болыпты. Мысалы, Александр Македонский кезінде өз штабында түйемен жүретін пошташыларды ұстаған деседі.
Ежелгі Римде аса дәулетті патрициялар жеке пошташылар ұстаған. Үкіметтің дербес ақпарат таратушы аттылы пошташылары жұмыс жасаған. Гай Юлий Цезарь Август император заманында мемлекеттік поштаның негізін салған. Бұл пошта тек императорға ғана бағынған деседі.
Орта ғасырларда Еуропада сауда мен қолөнер, ғылым мен мәдениеттің дамуы көптеген ақпарат тасымалдау қызметтері жүйесінің жұмыс жасауына жол ашты. Көпестер жеке пошталарын ашты. Он тоғызыншы ғасырдың басында Еуропада қалалық және корольдік пошталар жұмыс жасады.
Швецияда, Англияда және басқа елдерде осындай корольдік курьерлер тасымалдаумен айналысты. 1820 жылы Брайтондағы қағаз сатумен айналысатын Бревер деген саудагер кәдімгі конвертті ойлап тапты. 1840 жылы Ұлыбританияда пошта маркасының шығарылуы осы сала тарихының ең маңызды тұсы болды деуге болады.
Телеграфтың (1832), телефон (1876) мен радионың (1895) пайда болуы, XIX ғасырдағы теміржол мен пароход шаруашылығының жолға қойылуы, XX ғасырда ұшақтың шығуы пошта саласына үлкен өзгерістер алып келді.
Қазақстанда ресми пошталық байланыс бөлімшесі алғаш рет 1860 жылы Верныйда (Алматы қаласы) ашылды, ол көп ұзамай пошта-телеграф кеңсесі болып қайта құрылған. Ал 1883 жылы оған 14 пошталық байланыс бөлімшесі бағынатын болған.
Кейін Сырдария облысының Тәшкенттегі пошта кеңсесіне бағынатын Перовск қалалық пошта бөлімшесі, Ростов телеграф округінің Нарынқұм теміржол бекетіндегі Нарынқұм (хан ордасы) пошта бөлімшесі, Орал губерниялық пошта-телеграф кеңсесі, Петропавл уезінің Петропавл пошта бөлімшесі және басқалар ашылды.
Қазақстан Тәуелсіздік алып, егеменді ел болғаннан кейін саладағы жағдай күрт өзгерді. 1992 жылдың 27 тамызында еліміз Бүкіләлемдік пошта одағына мүше болып кірді.