Қызылордалық Гүлфайруз Наймантаева Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өтіп жатқан самбодан жастар арасында 44 келі салмақ дәрежесінде Әлем чемпионы атанды. Бұл туралы облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады, деп мәлімдеді ҚазАқпарат.
Ол финалда ресейлік қарсыласынан басым түсіп, «алтынға» қол жеткізді. Гүлфайруз осы жарыста ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Ол былтырғы жылы жасөспірімдер арасында Әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленген болатын. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында 2 дүркін Азия чемпионы. Дзюдодан жастар арасында 2 дүркін Қазақстан чемпионы.
Қызылордалық тағы бір спортшы Аида Ермаш ертең жасөспірімдер арасында 48 келі салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Әлем чемпионатына 32 елдің саңлақтары қатысуда.
Айта кету керек, қос спортшы да №1 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерві мектебінде тәлім алады. Оларды жарысқа Жанар Дүйсекен дайындады.