13 қазан күні Францияның Канн қаласында MIPCOM деп аталатын кино және телеөнімнің халықаралық нарығы жұмысын бастады.
Мұнда аудиовизуальді контент бағытында еңбек ететін 13 мыңнан астам маман жиналған. Олар шара аясында өзара тәжірибе алмасып, байланыс орнатып, жаңа жобаларды таныстырады. Лицензиялық құқық нарығында келісімшарттарға отырады.
Канндағы халықаралық шара 4 күнге созылады. Қазан айының 16-на дейінгі күндердің әрқайсысы ерекше оқиғалармен есте қалмақ. Ресми келіссөздерден бөлек, бұл күндері MIPCOM аясында кәсіби семинарлар мен конференциялар ұйымдастырылады.
Онда «21st Century Fox» басшысы Джеймс Мердок, «Sony Pictures Television» президенті Стив Моско, Netflix топ-менеджері Тэд Сарандос сынды тұлғалар өз тәжірибелерімен бөліспек.
Ал «Қазақстан» РТРК» АҚ бұл шараға тұңғыш рет қатысуда және «Сырғалым», «Әке серті», «Достар», «Батырлар», «Наша Киманелли» сол сияқты басқа да телехикаялар, деректі, анимациялық фильмдерін көпшілік назарына ұсынды.