«Астана Опера» труппасы гастрольмен «Опера Бастилияға» барады, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.
«Астана Опера» театрының труппасы 2 қарашада Францияға айқын концерттік бағдарламамен барады. Кештің ажарын театрдың жетекші солисті Жұпар Ғабдуллина, сондай-ақ, шақыртылған жұлдыздар – Денис Мацуев, Елдар Әбдіразақов, Фабио Саттори, Алан Бөрібаев, Ержан Күлібаев, Альберто Газале, сонымен қатар «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хоры ашады. Бірінші бөлімге аса көрнекті пианиношы Денис Мацуевтің орындауындағы Оркестрмен фортепианоға арналған №2, до минор, 18 ор. концерті көрік береді. Сондай-ақ, Е. Рахмадиевтің және М. де Фальяның тамаша туындылары орындалады. Дирижерлық тізгінде маэстро Абзал Мұхитдинов.
Екінші бөлімде көрермен Дж. Вердидің «Аттила» операсының концерттік нұсқасын тамашалай алады. Әлемнің үздік бас дауысты әншісі Елдар Әбдіразақов негізгі партияны шырқайды. Одабелланы Жұпар Ғабдуллина орындаса, Форестоның ролін Фабио Саттори сомдайды. Дирижерлық тізгінде – әлемге әйгілі дирижер Алан Бөрібаев.
«Астана Опера» театрының директоры Төлеген Мұхамеджанов «Опера Бастилия» сахнасында өнер көрсету – барлық ұжым үшін үлкен құрмет және үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. «Бізге өзімізді әлемнің ең үздік сахналарының деңгейінде қарастырылатын театр ретінде мәлімдейтін мүмкіндік туып тұр, неге десеңіз, Қазақстанның мәдени ошағының әлеуеті зор: шеберлігі асқан оркестр, ерекше хор, жарқыраған опера солисттері мен балет әртістері бар», - деп атап өтті Төлеген Мұхамеджанов.