Бүгін - Сәкен Сейфуллиннің туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - Сәкен Сейфуллиннің туған күні

15.10.2014
Бүгін - Сәкен Сейфуллиннің туған күні

Биыл – ақын, жазушы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің (1894-1938) туғанына 120 жыл.

Ол Қарағанды облысының Ақадыр ауданы Қарашілік қыстағында туған. Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқыған. 1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» деп аталған тұңғыш өлеңдер жинағын бастырып шығарған. Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болған. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берген. 1918 жылғы сәуірде «Жас қазақ марсельезасын» жазып, 1 мамырда «Бақыт жолында» атты пьесасының беташар қойылымын көрсеткен. 

Сәкен атаман Анненковтың «азап вагонында» 47 күн ажалмен арпалысып, 1919 жылғы сәуірдің 3-де адмирал Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шыққан. 1920 жылы мамырдың 7-де Ақмолаға қайтып оралып, атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болған. Сол жылы Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің Бірінші Құрылтай съезі делегаты болып қатысқан, Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болып сайланған. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық жасаған.

«Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, хaлық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақ КАСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, «Жыл құсы» альманахы, «Жаңа әдебиет» журналы басшысы, Қазақтың мемлекеттік институтының доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін атқарған.

Сәкен Сейфуллиннің әр жылдарда шыққан кітаптары

Осы кезде жаңа өмір жолында күреске шақырған «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары жарық көрген. «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқынында» атты поэтикалық жинақтарында Қазан төңкерісінің жеңісі жырланды. Жаңашыл ақын поэзия мен драматургияға көп жаңалық енгізді. Өлеңнің түрі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты. 

С.Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. «Көкшетау», «Қызыл ат» дастандарында заманалық мәселелер көрсетілген. «Қызыл атта» 30-жылдардың бас кезінде Казақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналады. «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы» шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін суреттейді.

С.Сейфуллин проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында көрнекті еңбек етті. «Жұбату» әңгімесі - Сәкеннің қазақ әйеліне арналған алғашқы прозалық, шығармасы. «Жемістер», «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда» туындыларында замандастар өмірі бейнеленген. С.Сейфуллин Ол қазақ халқының патшалық езгіге қарсы күресін «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи-мемуарлық романында көрсетеді.

Публицистика саласының дамуына қосқан еңбегі баға жетпес. Қазақтың ескі әдебиет нұсқауларын жинау, зерттеу, бастыру ісімен де шұғылданды. Оның қатысуымен «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаулары», «Батырлар», «Ақан сері - Ақтоқты», «Ләйлі - Мәжнүннің» қазақша аудармасы жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» кітабы - осы саладағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі.

Халық әдебиеті материалдарын мол жинап, пайдаланған бұл зерттеуінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктеп, идеялық-көркемдік талдаулар жасайды. С.Сейфуллин қазақ әдебиетінен мектептерге оқулық жазу ісіне де қатысқан. Қазақ әдебиетінің кадрларын даярлауға, алғашқы кітаптарын бастыруға көп күш салды. 

1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен бірінші онкүндігіне қатысты. Қазақ жазушылары ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, шығармашылық еңбегіне 20 жыл толуы кеңінен мерекеленді. 1938 жылы жолсыз жазаға ұшырады. 

Ол туралы С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пьесасы, Ғ.Мүсіреповтың «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі, поэмалар, әдебиеттанушылық зерттеулер жазылды. 

Сәкен Сейфуллин мұражайы

«Сәкеннің көп жағдайда ақындығын ғана айта береміз. Ол сегіз қырлы, бір сырлы жан болды. Ол әрі ақын, әрі жазушы, қайраткер, журналист, композитор. Жазушылар одағының алғашқы төрағасы. Ол қазақты «қырғыз» деп жүргендерді түзетіп, «қазақ» деген атауды алып берді. Ол қазақ жастарын оқыту үшін, мемлекет қаржысынан қаражат бөліп отырды. Тіпті, алғашқы байланыс жүйесін орнатты. Халықты егін егуге тартып, ауыл шаруашылығына да көңіл бөлген. Ол тұңғыш рет «қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын, кеңсе тілі болсын» деген бастаманы көтерді», - дейді Сәкен Сейфуллин музейінің директоры Несіпбек Айтұлы.

Астанада Сәкеннің 120 жылдығына орай мерекелік шаралар ұйымдастырылуда. Бүгін ақынның мерейтойына орай «Сыр сандықты ашып қара» атты әдеби-музыкалық кеш өтеді. Сондай-ақ, «Сәкен мұражайы» альбомының тұсаукесер рәсімі өтпек. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Сәкен оқулары» байқауының жеңімпаздары да осы күні марапатталады.

Айта кетейік, ақынның 120 жылдығына орай Серік Оспановтың «Сәкеннің музыкалық мұралары» зерттеу еңбегі жарық көрді.

Хабарламаларға жазылу