Бүгін – Тобық Жармағамбетов дүниеге келген күн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Тобық Жармағамбетов дүниеге келген күн

15.10.2014
Бүгін – Тобық Жармағамбетов дүниеге келген күн

Қазақтың белгілі қаламгерлерінің бірі Мағзом Сүндетов Тобық Жармағамбетов турасында былай деп еске алған екен. «…Ол әдебиетке өзінің бөлек үнімен, нақышты суретімен, әр қилы сыры мол мінез жасау шеберлігімен, балаңдық, тәжірибесіздік, жастық дегенді сезбей, бірден дарын иесілігін танытып, кемелденіп, сонау алпысыншы жылдардың басында келді».

Тобық Жармағамбетов шығармашылық қызметін 50-ші жылдардың аяғында бастады. Ол нағыз талантқа тән тереңдікпен, ойшылдықпен, сыршылдықпен қалам тербеп, уақыт, заман талабына сай салиқалы ой, салмақты жүк арқалаған шығармалар жазды.

Тобық Жармағамбетов - 1934 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылында туған. 1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған.

1957-1959 жылдары Жарқамыс орта мектебінде мұғалім, 1959-1973 жылдары Байғанин аудандық «Жаңа өмір» газетіне жауапты хатшы, редактордың орынбасары, Ақтөбе телевизиясында аға редактор, бас редактор болды, облыстық «Коммунизм жолы» газетінде, облыстық мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамында қызмет атқарды.

Қаламгердің повеске пара-пар «Отамалы» әңгімесі қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған асыл мұра болып қалды. «Ақ жауын» повесінде 30-шы жылдардағы қиын кезең туғызған халық қозғалысын, сол кездегі жіберілген өрескел қателіктерді батыл ашып көрсетті.

«Бәйтеректің жас шағы» повесінде Халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің өмір жолының кейбір сәтін оқырманға шебер суреттеу арқылы жеткізді. 60-жылдардағы ауыл жастарының тіршілігі, сырласу, нәзік сезім, шын сүйіспеншілік, қазақ ауылының көрікті бейнесі «Нәзік бұлттар» деп аталатын повесінде көркем бейнеленді.

Т.Жармағамбетовтың II Дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ауыл өміріне арнап жазған «Қара жаңбыр» атты туындысы да көпшілік оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Жазушы адамгершілік, достық, махаббат тақырыбына арнап «Екі жүрек», «Екі дос», «Менің достарым», «Кішкентай махаббат» атты әңгімелер жазды.

Айта кету керек, 17 қазан күні Ақтөбедегі Достық үйінде Тобық Жармағамбетовтың 80 жылдық мерейтойына орай салтанатты кеш өтеді. Кешке Алматыдан, Астанадан ақын-жазушылар келеді.

Хабарламаларға жазылу