Қазақстан ДСҰ талаптарына қайшы келетін салықтық жеңілдіктерді жояды - ҰЭМ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан ДСҰ талаптарына қайшы келетін салықтық жеңілдіктерді жояды - ҰЭМ

16.10.2014
Қазақстан ДСҰ талаптарына қайшы келетін салықтық жеңілдіктерді жояды - ҰЭМ

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына қайшы келетін салықтық жеңілдіктерді жояды. Бүгін Сенатта салықтық тиімділіктер мәселесіне арналған «дөңгелек үстел» отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов осылай мәлім етті.

Тоқтала кететін жайт, Ұлттық экономика министрлігі тиімсіз деп саналатын салықтық жеңілдіктерді жоюды ұсынған болатын. Бұл ретте ең бірінші кезекте Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына қайшы келетін салықтық жеңілдіктерден бас тарту көзделіп отыр. «Бүгін қолданыстағы салықтық жеңілдіктер саны 281 болса, соның 118-і стандартты, ал 163-і стандартты емес. Осы стандартты топқа жатпайтын 163 салықтық жеңілдіктерді жіктедік.  Соның ішінде салықтық жеңілдіктердің 64-і немесе 39 пайызы халықтың жекелеген топтарына қосымша қолдауды қарастыратын әлеуметтік салықтық жеңілдіктер болып отыр. Ал салықтық жеңілдіктердің 67-ісі немесе 41 пайызын өндірісті дамыту мен жаңғыртуға, экономиканың басымдық берілген салаларына, өндіріске жаңа технологиялар енгізуге қатысты экономикалық салықтық жеңілдіктер құрайды», - дейді М. Құсайынов.

Оның айтуынша, салықтық жеңілдіктерді қолдану тиімділігін бағалау жұмыстары негізінен бюджеттік, әлеуметтік және экономикалық тиімділіктер бойынша жүзеге асқан. «Осындай критерийлер негізінде біз бірінші кезекте жойылуы тиіс салықтық жеңілдіктерді айқындадық, бұлар - уақытша, жекелеген және ДСҰ ену барысында ұйым талаптарына қайшы келетін салықтық жеңілдіктер», - деп атап өтті вице-министр Құсайынов.

Хабарламаларға жазылу