Шахаризат Сейдахмет: Жаңа маусымда Нұрлан Албанның кеңесшісі боламын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шахаризат Сейдахмет: Жаңа маусымда Нұрлан Албанның кеңесшісі боламын

17.10.2014
Шахаризат Сейдахмет: Жаңа маусымда Нұрлан Албанның кеңесшісі боламын

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан жақын арада «Қазақстан дауысы» жобасының екінші маусымы көрерменге жол тартады. Осыған орай алғашқы маусымның жеңімпазы, әнші Шахаризат Сейдахметке бірер сауал қойған едік...

- «Қазақстан дауысы» жобасынан не алдыңыз?

- Мен «Қазақстан дауысы» жобасына дейін ешқашан жанды аспаптардың сүйемелдеуімен ән шырқамаған едім. Оның үстіне  бұл үлкен тележоба ғой.  Мұнда сахнада өзіңді қалай ұстауың керек, сұхбатты қалай беру керек деген сияқты дүниелерді үйрендік.  Тұлға ретінде осы жобаның арқасында өстік.

- Сіздіңше, жобаның алғашқы маусымы әділ өтті ме?

- Бұл сұрақты негізі жеңіске жете алмағандарға қою керек қой (күлді).  Мен Нұрлан Албанды сыртынан білгенім болмаса, бұған дейін таныған жоқпын, ұйымдастырушыларды да танымаймын. «Көрмей тыңдау» кезеңіне дейін екі кастингтен өттім. Ешқандай таныс-тамырым болмады. Халық дауыс берді. Бары сол ғана.

Кез келген нәрсенің ағы мен қарасы болатыны белгілі. Бірі әділ өтті дейді, енді бірі әділ емес дер. Қалай дегенмен де, менің жанкүйерлеріме жоба әділ болды, ал, басқа қатысушылардың жанкүйерлері үшін ол әділетсіз болады. Жеңімпаз Тимур болса да, Роза болса да бәрібір олардың жанкүйерлері үшін жоба әділ өткен болар еді.

- Тәлімгер ретінде басқа қай өнер адамын қалар едіңіз?

- Бұл жерде өнердегі тәжірибесі былай тұрсын, шоуға бейім адамды таңдау керек, деп ойлаймын.  Музыкалық білімі, атақ-абыройын былай қойғанда, қазақ тілін жетік білетін, бағдарламада шоу жасай алатын адамдар таңдалуы керек.  Дауысы керемет немесе осы сынды байқаулардан жүлде алған  адамдарды таңдау дұрыс емес. Бұл тәлімгерлер де 12 тәлімгердің арасынан таңдалып алынған. Оларда да іріктеу болған. Мен мысалы, Маржан Арапбаеваны көргім келеді. Қыдырәлі Болманов жан-жақты адам. Осы сияқты талай жобаны жүзеге асырған өнер иесі. Жалпы, қазақша ойлайтын, тәжірибесі бар адам керек қой.

- Жоба барысында «дауыс бер», деп достарыңызға қанша рет қолқа салдыңыз?

- «Дауыс бер», деп айтқан кезім болды. Сонымен қоса, «дауыс бермеңдер» деп те айттым. Бірақ, менің сөзіме қараған адам болмады. Бәрібір дауыс беріп жатты. Ол үшін мың алғыс, әрине. Дос болғаннан кейін ел алдына шыққан соң, кез келген адам өзінің досымен мақтанғысы келеді.

  • Байқау барысында өзіңіз «осы жеңеді-ау», деп кімді лайықты санадыңыз? 

Шынымды айтсам, мен осы сауал төңірегінде ойланбаппын да. Мен «мынаның дауысы үш октава жоғары», «осы жігіт екінші октаваның бірінші нотасын алады» деп ешкімді бағалап көрмеппін. Ол  неше жерден өнерге  мықты болғанымен, адамға деген қарым-қатынасы жақсы болмаса, мен оны жақын тарта қоймаймын. Ал, адамгершілік жағынан барлық қатысушымен жақсы қарым-қатынастамын. Оларды өнеріне қарап бөлген жоқпын, бөлгім де келмейді.  Мен үшін бәрі бірдей.

- Қатысушылар қатарынан кімдермен жақын араласыз?

- Батырхан Маликов, Жанғали Әбішев, Нұрсаят Серікбаевпен жақсы араласамын. Жалпы, Нұрлан ағаның тобындағылардың 80 пайызымен байланыстамын.

- Алғашқы маусымда әр тәлімгер жанына кеңесші алды. Биыл сізге осындай ұсыныс түсті ме?

- Ұсыныс түсті. Нұрлан Албанның кеңесшісімін. Жұмысты бастап та кеттік.

- Биылғы қатысушыларға айтарыңыз...

- Жобаның алғашқы маусымы әділ өтпеді деген ақпаратты көбіне халық ғаламтордан алады. Ал, интернет желісінде отыратындардың дені – 16-17 жастағылар. Бұл жастағылардың талғамы белгілі ғой. Көбіне шетел тілінде шырқалған әндер. Олар осы бағытта ән шырқаған орындаушыларға болысады.

Ал, менің жанкүйерлерім 30-40-тан асқандар, ел ағалары. Олар интернетте көп отырмайды. Сондықтан да, әділ өтпеді деген пікір осыдан пайда болады. Ал, биылғы қатысушыларға айтарым – сабырлық керек. Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін!

- Сұхбатыңызға рахмет!

Хабарламаларға жазылу