Осы жылғы қараша-желтоқсан айларында Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының бір топ музыканты Германия мен Түркия елдеріне гастрольдік сапармен аттанбақ, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық симфониялық оркестрі өнерпаздарының шығармашылық кештері Германия мен Түркияның бірқатар қаласында ұйымдастырылмақ. Халықаралық «Мы собираем друзей» жобасы аясында жүзеге асырылатын музыкалық фестиваль қарашаның 24-і күні Германияның Ландау және Шпаере қалаларында өтеді. Ал, осы айдың 21-29 күндері аралығында музыканттар Нойштад қаласында өтетін танымал музыка майталмандарының шеберлік сыныптарына қатысады, деп жоспарлануда.
Оркестр ұжымы 30-шы қараша мен желтоқсанның 10-ы аралығында «ТҮРКСОЙ» халықаралық қоғамдық ұйымның шақыруымен Түркияның Трабзон, Амасия, Стамбул, Булу, Самсун , және Анкара қалаларын гастрольдік сапармен араламақ.
Естеріңізге сала кетсек, 10 жылдық тарихы бар симфониялық оркестр - Павлодар облысын әлем елдеріне танытып жүрген бірегей ұжымдардың бірі. Осы уақыт аралығында оркестрге ҚР-ның Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Болат Рақымжанов жетекшілік етуде.