«Поэзия әлемінде» - Бағдат Мүбәрак - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Поэзия әлемінде» - Бағдат Мүбәрак

18.10.2014
«Поэзия әлемінде» - Бағдат Мүбәрак

Бағдат Мүбәрак  – шығармашылығы ғасырымыздың басынан бері жарық көріп, тырнақалды жыр жинақтары көпшіліктің жылы ықыласына бөленген ақын. Бүгін 13.00-де «Поэзия әлемінде» Бағдат ақынның шығармашылығы мен өмірі туралы біле аласыздар.

Біздің анықтама:

Бағдат Мүбәрак  - 1978 жылы  17 ақпанда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Ақтоғай селосында дүниеге келген. Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің филология факультетін 1998 жылы тәмамдаған.

Қалалық «Балқаш өңірі», облыстық «Орталық Қазақстан» газеттерінде және «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасында, Қазақ радиосында қызмет еткен.

Облыстық, республикалық жыр мүшәйралардың лауреаты. 2009 жылы мемлекеттік тапсырыспен «Жалын» баспасынан «Құсни хат» атты жыр жинағы жарық көрген. Назарларыңызға ақынның бір топ өлеңдерін ұсынамыз.

Қаршадай қыз

Қаршадай қыз,

Жиі баққа барамыз, шаршамаймыз.

Бірімізге айта алмай сырымызды,

Түк таппаған адамдай тал санаймыз.

 

Есте қалар күніміз бүгін дейміз,

Бәденді едің бәйшешек бүріндей қыз.

Бір қоштассақ айырылып қалатындай,

Таң рауандап атқанша гүл іздейміз.

 

Иран бағым,

Қалай сонда кеудеме сиған жаным?

Иман жүзің ып-ыстық сүйген кезде,

Ибалылық белгісі қиналғаның.

 

Мамықтай маужыратып жасыл желек,

Кеудеме кеп төсенді басың кенет.

Жұбатуға сөзім жоқ кемсеңдейсің,

Қаршадай қыз, не деген жасың көп ед?

 

Сосын түк те айтпаймыз ақтарылып,

Өше берсе қайтеміз жаққан үміт.

Маңайыңа қарайсың мұңға батып,

Бақыт тауып алардай бақта жүріп.

 

Айдыныңда алаңсыз тәуір сырғып,

Қанатыңды алмашы қауырсын ғып.

Өріктей өңің сынып отырғаның,

Құдай-ау, жүрегіме ауыр сұмдық.

 

Шықпай жүрсің шерменде боп түсімнен,

Сонда бізді табиғат тек түсінген.

Күрт құлазып қаңғыбас бұлт жылады,

Найзағай да суретке көп түсірген.

 

Ғашықтар мен тағдырдың арбасқанын,

Аңғардың да түсіндің алғаш жаным.

Жаңбыр емес, көз жасы ол періштенің,

Сол ғой саған күйзелген, ал басқа кім?

 

Жаратқаным, жар болшы жандарға әсем,

Қаршадай қыз, аман бол жалғанда сен.

Жұбатуға өзіңді бір-ақ жол бар:

Мені ұмыт, көрсең де аңғарма сен,

 ...таңқалмас ем.

 

ӨКСІК

 

Алматы,

Гүлзар бағы,

Самал – әтір,

Санама селкеу салған қала кәпір.

Жыр қанат қомданады деген арман,

Сырғанап жанарымнан бара жатыр.

 

Ақындар,

Кімге абырой әперген мұң?

Шіркін-ай, құлдыраса пәтерден құн.

Жанымның қиналарын біліп тұрып,

Тәнімді әрең сүйреп әкелгенмін.

 

Қалай арулады екен дәті шыдап?

Көрге құлай бергендей, қапы сұлап.

Біздің буын – жалғасы Кеңшіліктің,

Кеңсайға жерленбейді ақы сұрап!

 

Ауыл-ай, аңғал ұлдың кетті бәрі,

Аз жазып, іштен байғұс көп тынады.

Айтуға құрғыр жүрек дауламайды,

Қайтуға жібермейді беттің ары.

 

Құрдымға кеткен қоғам құбыл ама?

Құлай берген дұрыс-ау, құбылаға.

Өгей ұлдың өксігі демесеңіз,

Өлең деуге бола ма мұны да, аға?

Хабарламаларға жазылу