Әбдіжәміл Нұрпейісов 90 жасқа толады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әбдіжәміл Нұрпейісов 90 жасқа толады

21.10.2014
Әбдіжәміл Нұрпейісов 90 жасқа толады

Әлем­дік ақыл-ойдың қазынасына өлшеу­сіз үлес қосқан қабырғалы қалам­гер Әбдіжәміл Нұрпейісов 22 қазан күні 90 жасқа толады.  

Әбдіжәміл Нұрпейісов әдебиеттегі алғашқы қадамын бірден романнан бастады. II Дүниежүзілік соғыстан жаңа оралған майдангер іштен тебіндеген албырт шабыты қолына қалам ұстатқанда, ақ қағазға алдымен қанды ұрыстан, өмір мен өлім айқасынан алған әсерін түсіреді.

Ол әсердің молдығы сонша, әскерден босанысымен, төрт-бес жыл бойы табан аудармай істеген еңбегі «Курляндия» атты қалың романды дүниеге келтіреді (1950). Бұл шығарма әдебиетке өз қазынасымен, тың суреттерімен қосылды. Қазақ оқырманын окоп шындығына қанықтырып, жауынгер тірлігінің тереңінде жылап аққан ағысын, тыныс-лебін тікелей ұрыс шебінен елестетті. «Курляндия» кейін толықтырылып, әрі ықшамдалып «Күткен күн» (1958) атымен қайта шықты.

Қаламгер турасында Шыңғыс Айтматов: «Мен Нұрпейісовтің кітаптарын баяғыдан бері оқып келемін, оның талантты да татымды прозасына баяғыдан бері ғашықпын. Одан көп нәрсе үйрендім, онымен сан рет сырластым да, бірақ онымен әр кездескен сайын, оны жаңа көріп білгендей боламын да тұрамын. Адам ретінде, сұхбаттас-сырлас ретінде ол әманда терең, салиқалы да сабырлы»,-деген екен.

Ал, жазушы Дулат Исабеков: «Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармаларын оңай жазып көрмепті. Алғашқы «Курляндия» романы мен «Қан мен терді» қалай жазғанын мен білмеймін. Мен білетін, жазу процесінің барлық сәтіне бастан-аяқ куә болғаным–осы «Соңғы парыз» романы. Бұрын он рет, жүз рет, тіпті өмір бойы көріп-біліп, бастан кешіріп келген оқиғаларды көркем шығармаға айналдырып, қағазға түсірер сәтте сол оқиғаларды ерінбей-жалықпай тағы да әлденеше рет көңіл сүзгісінен, көркемдік безбенінен өткізіп барып жазу – Нұрпейісовтің қанына сіңген қасиет»,-дейді.

Қаламгер турасында шетелдік жазушылар да жоғары баға берген. Солардың бірі франциялық Лили Дени: «Өмірдегі әділетсіздік атаулыға қар­сылық білдірген қаламгер қарапайым тіл­мен үлкен шындықты айта білген. Осынау сөз саптаудағы қатал кірпияз­дығының арқасында Нұрпейісов өзіне ғана тән таңғаларлық қолтаңбасы бар, зама­­нымыздың ең терең жазушы­лары­ның бірі дәрежесіне көтерілген»,-дейді.

Сондай-ақ, испаниялық Аугуст Видал да: «Қан мен тер» туралы. «Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абайынан» кейін тарихи романға құлаш сермеу тек жүрек жұтқандардың ғана қолынан келетін тірлік. «Абай» қазақ әдебиетіндегі эта­лон-роман. Оқырман кез келген жаңа романды сонымен салыстырады», деп баға берген.

 «Қан мен тер» трилогиясы – ел, халық, оның әлеуметтік тағдыры туралы шығарма. Уақыты өзгергенімен, заманалық зәрулігі өзгермейтін туынды. «Қан мен тер» трилогиясын қазіргі тәуелсіздік мұнарасынан, демократиялық көзқарас тұрғысынан оқығанда, оның қазақ шындығынан бұра тартқан жерін табылмайды.

1978 жылы Әзірбайжан Мәмбетов пен Юрий Мастюгин «Қан мен тер» романының желісі бойынша екі бөлімнен тұратын кино түсірді. Басты рөлдерде: Әнуар Молдабеков, Тұңғышбай Жаманқұлов, Ыдырыс Ноғайбаев және басқалар ойнады.

Фильм 1979 жылы Мәскеуде өткен ВДНХ КСРО-ның Алтын медалін және Ашхабад қаласындағы өткен кинофестивальде «Ең үздік тарихи-революциялық фильм» аталымын иеленді.

2008 жылы Ақтөбе қаласында «Қан мен тер» трилогиясының кейіпкерлеріне арналған Ерік Жауымбаевтың ескерткіші ашылды. Бұл Қазақстандағы әдеби туындының кейіпкерлеріне арналып жасалған алғашқы туынды.

Біздің анықтама:

Әбдіжәміл Нұрпейісов - 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Үшкөң ауылында дүниеге келген. Қазақстанның Халық жазушысы. ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосып  жүрген суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері.

1941-1945 жылдардағы II Дүниежүзілік соғыс ардагері, Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысқан.

1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл әскер қатарында жүріп бастаған «Курляндия» романын жазуға кіріскен. Оны бітіріп баспаға берген соң, бір жыл  Қазақ  мемлекеттік университетінде оқыды.

1954 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, оны 1956 жылы бітірді. Тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың  иегері атанды.

Проза саласында үзбей еңбектенуімен қатар, өткір сынымен, публицистикалық мақалаларымен де көзге түсті. 1962-1964 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының органы – «Жұлдыз» журналының бас редакторы да болып қызмет істейді, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты да болды.

1964 жылдан бері ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылық қызметпен шұғылданып, нарық заманында халықаралық ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенттігіне сайланды. 2000 жылдан бастап ПЕН клубы жанынан «Таң-Шолпан» журналын шығарады. Көп жылдан бері осы әдеби-көпшілік журналының редакторлар кеңесінің төрағасы да.

Өткен XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол сыбаға қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүние жүзіне танытып, әлем әдебиетшілері қасқа-жайсаңдарының үздік бағасына ие болды.

Атап айтқанда, француз Луи Арагон, ресейлік  Юрий Казаков, Сергей Баруздин, Анатолий Ким, Николай Афанасьев, Лев Аннинский, Леонид Теракопян, Валентин Оскоцкий, испандық Август Видаль, қырғыздық  Шыңғыс Айтматов, башқұрттық  Мұстай Карим, немістер Лео Кошут, Ральф  Шрейдер, қазақстандық Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев, Тахауи Ахтанов, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Герольд Бельгер, Ақселеу Сейдімбек, т.б. ол туралы тебірене жазды.

Қаламгер А.П.Чеховтің, А.М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсонің шығармаларын қазақ тіліне аударған.

«Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы Ә.Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. Жазушы ретінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған.

Ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының  иегері. Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан  Қазақстанда  үш  қаламгер: Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев қана алған.

Хабарламаларға жазылу