Балқашта Бағдат Мүбәрактың поэзия кеші өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балқашта Бағдат Мүбәрактың поэзия кеші өтеді

21.10.2014
Балқашта Бағдат Мүбәрактың поэзия кеші өтеді

24 қазан күні Қарағанды облысына қарасты Балқаш қаласындағы Мағауия Хамзин атындағы Мысшылар мәдениет сарайында  ақын Бағдат Мүбәрактың «Көктем, мен сені сүймейтін болдым» атты поэзия кеші өтеді. Кешке ақынның қаламдас достары, ақын ағалары  қатыспақ.

Басталуы: 18.00

Біздің анықтама:

Бағдат Мүбәрак - 1978 жылы 17 ақпанда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында, Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің филология факультетін 1998 жылы тәмамдаған.

Қалалық «Балқаш өңірі», облыстық «Орталық Қазақстан» газеттерінде және «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасында, Қазақ радиосында қызмет атқарған. Облыстық, республикалық жыр мүшәйралардың лауреаты.

2009 жылы мемлекеттік тапсырыспен «Жалын» баспасынан «Құсни хат» атты жыр жинағы жарық көрген.

Балқаш

Серілік құрып, сауыққан жерім,

Алаң да, алаң балаң жүр.

Көресінімді зауыттан көрдім,

Әйтпесе менің қалам бұл.

 

Желмая мінген абадан жырау,

Тамсанып айтқан текті өлең.

Жетпіске келген қаладан мынау,

Жетіскенімнен кетпеп ем.

 

Мұржаңнан шыққан жаңбырсыз бұлт,

Көшірмесіндей тамұқтың.

Аққудың бәрін тағдырсыз қылып,

Жаратпағанын жаңа ұқтым.

 

Ажары тайып, солған гүл жылап,

Ғазалыма көрші ал шыдап!

Өзімше күткен сол жаңбыр бірақ,

Көзімнен шықты тамшылап.

 

Меселім қайтып, мысым басылды,

Баз кешіп қайда беземін?

Көкше теңізім құсын жасырды,

Көкшетау жақта сеземін.

 

Бөктерде емес, көкте гүлдеген,

Шынарға біздей қайыр бар.

Шапанға сыйып кеткеніменен,

Шаһарға сыймас шайырлар.

 

Сорпадай қылып сорыңды ішкенде,

Қайғымды менде ұлғайтам.

Көңіл айтармын жолым түскенде,

Көліңе айтам ба, кімге айтам?!

Хабарламаларға жазылу