Қазақстан Жазушылар одағының алғаш ұйымдасуы Қазақстанның пролетариат жазушыларының қауымдастығы болып құрылған кезден басталады. Құрамында Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин бар ұйымдастыру бюросы құрылды.
Бұл ұйымға республикадағы әдебиет күштерін біріктіру және пролетариат жазушыларының бүкіл Қазақстанның бірінші конференциясына әзірлеу тапсырылды. Осылайша, 1925 жылы қауымдастықтың алғашқы төрағасы болып Сәкен Сейфуллин бекітілді.
1932 жылы Орталық комитеттің әдеби көркем ұйымдарды қайта құру туралы Қаулысы негізінде Қазақстан өлкелік партия комитетінің секретариаты мамыр айында Қарар қабылдады. Осыдан кейін Қазақстан Жазушылар одағы құрылды.
Ұйымдастыру бюросының төрағалығына Ілияс Жансүгіров тағайындалды. Қазақстан кеңес жазушыларының бірінші съезі 1934 жылдың 12-18 маусымы аралығында өтті.
1925 жылы Қазақстан Жазушылар одағына 10 адамдай мүшелікке өтті. Ал, 1935 жылы одақтың төрағасы болып әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері Ғаббас Тоғжанов тағайындалды.
1936 жылы одақтың төрағалығына жазушы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Сәбит Мұқанов сайланды.
1935 жылы елімізде КСРО әдеби қорының қазақ бөлімшесі құрылып, Қазақстан Жазушылар одағын мемлекет тарапынан қаржыландыру туралы шешім қабылданды. Алғашында идеологиялық қару ретінде құрылғанымен, Сәкен, Ілияс, Бейімбет бастаған арыстарымыз ұйым жұмысын ұлт әдебиетіне, тұтас халықтың мүддесіне қарай бағыттай білді.
Ел тағдыры, жер тағдыры қыл үстінде тұрған кезде өмірге келген Қазақстан Жазушылар одағының үлкен міндеттерінің бірі – ауыз әдебиетінен тамыр тартқан, Абай поэзиясынан бастау алған жазба әдебиетіміздің бай мұрасын жинау мен екшеу, дамыту мен қорғау және оны кеңінен насихаттау болды.