2014 жылғы спорттық шараларға 3 миллионнан астам адам қатысты. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет сағатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы хабарлады.
«Республика бойынша 27 655 спорттық шара ұйымдастырылды. Соның ішінде 17 811-і ауылдық жерде өтті. Аталмыш шараларға шамамен 3 миллион 623 мың адам қатысты», - деді министр.
Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша республикадағы спортпен айналысатын халық саны 3 миллион 900 мың адамды құраған.
Қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігі студенттік және оқушылар лигасын құру тәртібін дайындауда. Сонымен қатар, 2015 жылы Білім және ғылым министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, оқушылар арасында 15 спорт түрі бойынша мектеп лигасы аясында Барсиада жарысын өткізу жоспарланған.
«Спорттық-көпшілік шаралары негізінен президенттік тест тапсыру шаралары. Биыл ҚР Президенті тестін тапсыру тәртібінің құрылымына өзгерістер енгізілді. Осы уақытта Мәдениет және спорт министрлігі тест нормативін орындаған қатысушыларды марапатпен қамтамасыз ету бойынша қажетті құжаттарды дайындау жұмыстарын жүргізуде», - деді А. Мұхамедиұлы.
strategy2050.kz