Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма басшысы Берік Камалиевтің қатысуымен өткен жиында «Орталық-Шығыс» жобасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Берік Камалиевтің айтуынша, Астана-Павлодар-Өскемен бағытындағы жолдың құрылысы 2020 жылы аяқталады. Ал елордадан облыс орталығына дейінгі бағыттағы жолдың құрылысы 2016 жылы тәмамдалады деп күтілуде. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ өңірдегі филиалының директоры Ерсін Сариевтің айтуынша, аталмыш бағыт бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізуге алты мердігер компания бекітілген.
«Бүгінгі күні жоба бойынша дайындық жұмыстары қолға алынған. Негізгі жұмыстар келер жылдың сәуірінде бастау алмақ. Қазіргі таңда «Астана-Павлодар» бағыты бойынша жауапты мердігер компаниялармен Ақмола облысы шекарасынан Ленин кентіне дейінгі жолдарды қайта жөндеу бойынша келіссөздер жүргізілген. Олардың қатарында «Астана-Ерейментау-Шідерті», «Қызылорда-Павлодар-Успен-Ресей шекарасы» бағыттары бар, - дейді Е. Сариев.
Аталмыш жоба негізінде заман талаптарына сай қызмет көрсету кешені бой көтермек. Олардың қатарында жеңіл көліктерге арналған тұрақтар, қонақүй, дүкен, жанар-жағармай құю станциясы сынды орындар салынады.
Естеріңізге сала кетсек, ауқымды жоба еліміздің бас қаласын Павлодар, Семей және Өскемен қалаларымен байланыстыруға мүмкіндік бермек.