«Ысқақов өлеңдерінен Сәкеннің сыры, Бейімбеттің мұңы, Ілиястың үні естілгендей болады» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ысқақов өлеңдерінен Сәкеннің сыры, Бейімбеттің мұңы, Ілиястың үні естілгендей болады»

04.11.2014
«Ысқақов  өлеңдерінен Сәкеннің сыры, Бейімбеттің мұңы, Ілиястың үні естілгендей болады»

Ақын Бүркіт Ысқақов 1924 жылы 4 қарашада Қарағанды облысының, Нұра ауданына қарасты Көкмөлдір ауылында дүниеге келген.  1940 жылы  Қарағанды мұғалімдер институтына түседі.  

Еңбек жолын 1942 жылы «Советтік Қарағанды» газетінен бастайды.  Қаламгер сол жылы әскерге алынып, соғысқа аттанады.

1946 жылы еліне жеңіспен оралған жауынгер ақын еңбек жолын бұрынғы өзі қызмет атқарған газетте жалғастырады. Кейін көп ұзамай, Алматыға барып, «Пионер» (1946-1949), «Лениншіл жас» (1949-1960),  «Білім және еңбек» (1960-1969) журналында  еңбек етті. 1969-1991 жылдары Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметтер атқарған.

Соғыстың оты мен суығынан аман оралған ақын өлеңдері арқылы қапаста көрген қайғы-қасіретін  жырлайды.

Академик М.Қаратаевтың «Ақындарымыздың абақтыда отырып жазған өлеңдері бізге жеткен жоқ, сол олқылықтың орнын олардың ақын ұрпағы  Ысқақовтың жырлары торлтырғандай. Оның бұл өлеңдерінен Сәкеннің сыры, Бейімбеттің мұңы, Ілиястың үні естілгендей болады», деп жазады.  

Қапаста бес жыл қасірет шеккен Ысқақов КСРО Жоғарғы сотының 1956 жылы 20 қарашадағы қаулысы бойынша толық ақталып, еркін өмірге оралды. Одан кейін де журналистика, әдебиет, ғылым саласында жемісті қызмет атқарды.

Қазақ СССР Ғылым Академиясының М.О.Ауезов атындағы әдебиет және өнер институтында ұзақ жылдар еңбек етті.

«Сенің Отаның» (1959 ж.), « Өнерпаз болсаң» (1965 ж.), «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» (1966 ж.),  «Жылдар жырлайды» (1979 ж.); «Шабыт шуағы» (1984 ж.); «Жеткіншек» (1985 ж.) еңбектерінің авторы.

А.С. Пушкин, М.Ю.Лермонтов, И.Я. Франко, В.Маяковский, Н.Хикмет, С.Вургу т.б. ақындардың шығармаларын қазақ тіліне аударуға қатысқан. Өлеңдері орыс, өзбек, түрікмен татар, т.б. тілдерге аударылған. Әр дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталған.

Хабарламаларға жазылу