Б.Сағынтаев: Бензиннің ішкі нарықтағы бағасын төмендету мүмкін емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Б.Сағынтаев: Бензиннің ішкі нарықтағы бағасын төмендету мүмкін емес

06.11.2014
Б.Сағынтаев: Бензиннің ішкі нарықтағы бағасын төмендету мүмкін емес

Бензиннің ішкі нарықтағы бағасын төмендету мүмкін емес. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутаттар сауалына жауап берген ҚР Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев осылай мәлімдеді. Еске салайық, отырыста сенаторлар «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер енгізу туралы» Заң жобасын талқылады.

Тоқтала кететін жайт, депутат Қуаныш Айтаханов еліміздегі жанар-жағармай мәселесіне қатысты түсінік беруді сұраған болатын.

«Жанар-жағармай мәселесіне келсек, бір жағынан бізде бүгінгі күні ішкі нарықта 1,5-1,9 млн. тоннаға жуық тапшылық бар. Зауыттардан шығатын өнім ішкі сұранысты толығымен жаппайды. Сол себептен бүгінгі күнге дейін бензинді Ресейден алып, тапшылықты толтырып келген болатынбыз. Оның екі арадағы бағасында 20-30 теңгенің көлемінде айырма бар. Сондықтан бізге ішкі нарықта бұл бағаны төмендету еш мүмкін емес», - деді Б. Сағынтаев.

Бұл ретте Премьер орынбасары «ҚазМұнайГаз» компаниясы жетіспейтін бензиннің барлығын Ресейден өз қаражатына алып, шығынға батып отырғанын, ал баға төмендетілсе, аталған шығын одан сайын жоғарылайтынын жеткізді.

«Сондықтан да, біз бастапқы формуламен жұмыс жасап келеміз. Дегенмен, алдағы уақытта мәселені тағы талқылап осы формуланы өзгертуді қарастырамыз», - деді Б. Сағынтаев.

Сонымен қатар, бірінші орынбасар бүгінгі күні Ресеймен ғана емес, Әзербайжанмен, Беларусь елімен, Қытаймен де келіссөздер жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Хабарламаларға жазылу