Теңге – қазақтың төл сөзі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теңге – қазақтың төл сөзі

14.11.2014
Теңге – қазақтың төл сөзі

Теңге – қазақтың төл сөзі. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл сөздің шығу төркіні тым тереңде. Тіпті орыстың «деньги» сөзі де осы теңгеден шыққан болуы мүмкін. Өйткені, тарихқа сүйенсек, ақша айналымы Ресей жерінен бірнеше ғасыр бұрын Азияда пайда болған.

Қазақстан өзінің Ұлттық валютасын аса күрделі жағдайда әзірлеп, қабылдады. Кеңес одағы күйреген 90-шы жылдардың басында біздің еліміз үшін осынау тарихи маңызды шешімді қабылдау оңайға түскен жоқ. Ресей көршілеріне ескертпестен, жаңа рублін енгізіп жіберді. Бұрынғы одақтың ақшасы Қазақстан, Әзірбайжан және Тәжікстанда қалып қойды. Әрі ақша басып шығаратын банкноттық фабрикалардың барлығы дерлік Ресейдің өз ішінде ғана бар еді.

«1992 жылы мен Ұлттық банктің төрағасы қызметіне келдім. Бір айдан соң мені Президент қабылдап, төл теңгемізді дайындап, оны айналымға енгізу жөнінде тапсырма берді»,-деп еске алады Ұлттық банктің 1992-1993 жылдардағы төрағасы Ғалым Байназаров.

Өз елінде банкноттық фабрикасы жоқ, әрі ақша басып шығару саласынан тәжірибесі аз Қазақстанның Ұлттық валюта енгізудегі батыл қадамын шетел сапаршылары үлкен тәуекел мен ерлікке балап жатты.

Алғашқы теңгені  «Харрисон және оның ұлдары» компаниясы Англияда басып шығарды.

«Бізде негізгі жеті банкнот болды. Қысқа мерзімде біз оларды әлемдік деңгейге алып шықтық. Қазақстан қаржы саласында дүниежүзіне алғаш рет теңге арқылы танылды. Осы теңгедегі әл-Фараби бейнесіндегі сәлде арқылы бүкіл әлем Қазақстанның мұсылман мемлекеті екенін таныды», -дейді «теңгенің» дизайнері Қайролла Ғабжалелов.

Толығырақ «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу