Құдайберген Жұбанов мұрасына арналған дөңгелек үстел өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құдайберген Жұбанов мұрасына арналған дөңгелек үстел өтті

14.11.2014
Құдайберген Жұбанов мұрасына арналған дөңгелек үстел  өтті

Қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық негізін салушылардың бірі, көрнекті ғалым Құдайберген Жұбановтың туғанына 115 жыл толуына орай өткізілген шараға Қазақстан, Түркия мен Қырғыз елінің ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен Қ.Жұбановтың ұрпақтары қатысты.

Жиында қазақ тіл білімі, түркітану, сонымен қатар, Құдайберген Жұбановтың ғалымдық қыры, мұралары туралы баяндалды.

Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі «Құдайберген Жұбанов қазақ тарихындағы алғашқы профессор ретінде термин жасауға үлкен еңбек сіңіргенін жақсы білеміз. Ол  -  шағатай әдебиеті, Яссауи мұрасы, Абай туралы алғаш пікір білдірген ғалым.

Санаулы ғұмырында  осындай үлкен істер атқарған Жұбановқа арнап шара өткізу - парызымыз. Жұбановтар әулеті қазақ мәдениетіне, тіліне, өнеріне үлкен үлес қосты»,  деп атап өтті.  

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданды.     

 

Біздің анықтама:

Құдайберген Жұбанов Ақтөбе облысының Темірші ауданында дүниеге келген. Қазақ тіл білімі саласындағы алғашқы  профессор, түркітанушы, педагог. Бастапқыда мешіттен дәріс алып, араб тілін үйренген ол кейін парсы, орыс, моңғол, чуваш, коми, гүржі, латын, түрік, жапон, француз, ағылшын және неміс тілдерін жетік меңгереді.  

Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, Мемлекеттік терминологиялық комиссиясының (А.Байтұрсынұлынан кейінгі) төрағасы  қызметтерін атқарған. 

Саналы ғұмырын тіл саласына арнаған ғалым қазақ тіл білімінің практикалық және теориялық дамуына ерекше үлес қосты. Осы сала туралы  тұңғыш монографиялық зерттеудің әрі алғашқы мектеп оқулығы мен оқу бағдарламасының авторы.

 

Хабарламаларға жазылу