19, 21, 22 қараша күндері «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Джузеппе Вердидің атақты «Аида» операсы сахналанбақ. Операны продюсер, режиссер, сценарист, екі дүркін Оскар сыйлығының иегері Франко Дзеффирелли қояды.
Осыған орай «Таңшолпанның» төрінде опера әншісі, сопрано – Кристин Льюис, Италияның опера әншісі, тенор – Густаво Порта, Мариин театрының солисі, меццо-сопрано Марина Пруденская және опера әншісі, баритон – Альберто Газале қонақта болды.
«Аида» операсының өзектілігіне тоқталған қонақтардың бірі Кристин Льюис: «Біріншіден, «Аиданың» музыкасы әдемі. Операдан хабары жоқ адамның өзі, әуезді әнді тыңдағанда қойылымды жақсы көріп кетеді. Ал, екіншіден, бұл – махаббат тақырыбы ғой. Махаббат – елге, шекараға бөлінбейді»,-дейді.
«Операда бастысы – музыка, хор, оркестр және жеке әншілердің барлығы қосылып өнер көрсеткенде шынында әдемі шығады»,-дейді тенор дауысты әнші Густаво Порта.
Ал, Альберто Газале: «Джузеппе Верди – ұлы композитор. Оның шығармалары өзектілігін жоймайды. Сондай-ақ, «Аида» операсы Вердидің өте танымал туындыларының бірі. Біз қойған «Аида» басқа «Аида» операларына қарағанда, сәтті шыққан болатын. Мен осындай тамаша құраммен, жақсы дирижермен жұмыс істеп жатқаныма қуаныштымын»,-дейді.
Аиданың рөлін сомдаған Кристин: «Вена операсында ән шырқау менің арманым еді. Ол арманым орындалды. «Аида» техникалық және көңіл-күй жағынан да әнші үшін өте ауыр рөл. Бұл операның 100-ден аса қойылымында ойнадым. Әрбір қойылымға, образға ерекшелік беру үшін, көп іздендім. «Аида» операсы мен үшін сынақ. Әрбір сынаққа тастүйін дайын болу керек»,-дейді.