19 қараша күні Алматыда «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» ток-шоуының бір жылдығына орай шара өтеді.
«Түнгі Студияда Нұрлан Қоянбаев» – еліміздегі рейтингі жоғары «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан эфирге шығатын, көрерменнің көзайымына айналған шоу-бағдарлама.
АҚШ-тың «Late Night Show» жобасы, Ұлыбританиялық «The Graham Norton Show» және Ресейдің «Вечерний Ургант» жобасының желісі (аналогы) саналатын отандық бағдарламаға 1 жыл толды.
Бұл жобаның өзге бағдарламалардан ерекшелігі – қонақ пен жүргізуші арасында кез-келген тақырып бойынша еркін әңгіме өрбиді. Бағдарламаны жанды дауыста әрлейтін имидж топ жұмыс жасайды. Арнайы айдарлары кеш қонағына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, тосын сыйлармен таң қалдырады.
Бұл жоба Ұлттық арна эфиріне жаңаша бағыт пен жаңалық алып келген, 1 жылда өзінің көрерменін таба білген бағдарламаға айналды. Осы жыл ішінде 200-ден астам отандық және шетел жұлдыздары кеш қонағы болып, өздерін жоба арқылы жаңаша қырларынан таныта білді.
«Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» ток-шоуы бір жылды студияға келген қонақтарына арнап туған күн кешін өткізбек. Кешке отандық және шетел жұлдыздары қатысады. Аталмыш кеш еркін форматта «Party» жанрында өтеді. Қонаққа 150-ден астам түрлі саланың тұлғалары келеді деп жоспарлануда.