Екібастұз ауылдық аймағында сайын далада сынып қалған көлікте болған екі азамат жоғалып кеткен. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Хабар-ошарсыз кеткен азаматтар «Жанна» шаруа қожалығының жұмыскерлері екені анықталған.
Әйтен ауылына көмір апармақшы болған қос азаматтың КамАЗ жүк көлігі діттеген жеріне бес шақырым қалғанда сынып қалған. Осы сәтте көлікте болған жолаушылардың бірі жақын елді мекенге көмек шақыруға кетіп қалған. Кейін екінші жолаушы да жақын маңдағы ауылға бет алған. Қазіргі уақытта олардың қайда екені белгісіз.
Іздестіру жұмыстарына 25-тен астам құтқарушы және ТРЭКОЛ, ГАЗ-66 көліктері жұмылдырылды.