Астанада Әзірбайжан Мәмбетовті еске алу кеші өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Әзірбайжан Мәмбетовті еске алу кеші өтеді

20.11.2014
Астанада Әзірбайжан Мәмбетовті еске алу кеші өтеді

Бүгін Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында КСРО Халық  әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,  Халық  қаһарманы,  профессор, режиссер,  қоғам қайраткері  Әзірбайжан Мәмбетов рухына арналған  «Аңыз адам Әзірбайжан  Мәмбетов»  атты еске алу кеші өтеді.

Кешті ҚР Еңбек сіңірген  қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, театртанушы, профессор Әшірбек Сығай жүргізеді.

Шара  соңынан Әзірбайжан Мәмбетовтің рухына бағышталып, Құран оқылады, ас беріледі.

 

Біздің анықтама:

Әзірбайжан  Мәмбетов 1932 жылы Ресей Федерациясы, Волгоград облысы, Савенко селосында дүниеге келіп, 2009 жылы Астана қаласында  дүниеден өтті. Биыл  қазақ  өнерінің  хас  тұлғасы,  режиссер Ә.Мәмбетовтің бақилық  болғанына бес жыл толып отыр.

Әзірбайжан  Мәмбетов 1952 жылы Алматы көркем училищесінің актерлік факультетін тәмамдаған.

1952-1957  жылдары  Мәскеудің А.В. Луначарский атындағы театр өнері институтының  режиссерлік  факультетінде оқыған. Онда К.С.Станиславскийдің шәкірттері, белгілі профессорлар  КСРО Халық әртісі Н.М. Горчаковтан, А.А.  Гончародтан тәлім алды.

1957  жылдан  бастап  М. Әуезов  атындағы академиялық драма театрында қоюшы режиссер, кейіннен директор-бас режиссер қызметтерін отыз жылдан астам атқарды. 

Осы жылдар ішінде Ә. Мәмбетов 150-ден астам театр қойылымдарын сахналап, 1965 жылы Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» шығармасы бойынша  қойылған спектаклімен «Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты» атағын иемденді.

1974 жылы Ә. Нүрпейісовтің «Қан мен тер» туындысын сахналап  «КСРО Мемлекеттік сыйлығына» ие болды  және  осы аталған қойылымды Прага ұлттық театрының Чехословакия сахнасына шығарды. 

Ш. Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» атты көркем дүниесін  КСРО Халық әртісі М. Ульяновтың қатысуымен Е. Вахтангов атындағы Мәскеу академиялық  театры сахнасына  шығарса,  М. Әуезовтің «Абайын» Өзбектің  академиялық  театры сахнасына  қойды. Сонымен қатар, «Абай» спектаклі Ұйғыр-Корей ұлттық театр сахналарында қойылды.

Ол  әлемдік  классикада Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші», Лопе де Веганың «Шөп қорыған ит», М. Фриштің «Дон Жуанның думаны», У. Шекспирдің «Кориалан», Софоклдің «Эдип патша», А. Чеховтың «Ваня ағай»  және де ұлттық  классика үлгісіндегі таңдаулы спектакльдерін  жоғарғы деңгейде қойып, театрдың дамуына сүбелі үлес қосты.

1973 жылы Азия, Африка және Латын америкасы елдерінің Шираз қаласында (Иран) өткен халықаралық фестивалінде Ш. Айтматовтың «Ана-жер ана» туындысымен  және 1984 жылы Францияның Нанси  қаласында «Ұлттық театр» Халықаралық   фестиваліне  Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» сынды інжу-маржанымен қатысты. Режиссер Ә. Мәмбетов сондай-ақ, «Ән қанатында», «Қан мен тер», «Жаушы» секілді шығармаларды көркемтаспаларға түсіріп, «Абай» сынды телефильмді дүниеге келтіріп, кино әлемінде  өшпестей із қалдырды.

Хабарламаларға жазылу