26 қараша күні Астанадағы Жастар сарайында биыл 9-шы рет өткізіліп отырған «Балбөбек» балалар фестивалінің ашылу салтанаты өтеді. Байқау турасында толығырақ бүгін «Таңшолпанда» қонақта болған фестиваль ұйымдастырушысы, қоюшы-режиссері Бақытжан Тәжінов айтып берді.
«Биылғы байқауда біз тек екі аталымды ғана таңдадық. Вокал және хореография. Сондай-ақ, биыл қатысушылардың саны да артты. Мысалы, бір ғана вокал аталымы бойынша 98 қатысушы бар. Мұндай байқау күн сайын бола бермейді. Сол себепті, балаларымыз өздерін жұлдыз сезінсін деген мақсатпен сахнаны да барынша жоғары дәрежеде безендірдік»,-дейді режиссер.
«Негізгі талап – балалардың өнерге икемі болуы керек. Ол тек бимен немесе ән салумен ғана шектеліп қалмай, актерлік шеберлігін де байқатуы шарт. Ал, мақсатымыз – кеше ғана Қазақ еліне жарқын жеңіс сыйлаған Жанар Дұғалова сияқты таланттар бұл балалардың ішінде де бар болуы мүмкін. Сол дарындарды көре білу қажет»,-дейді Бақытжан Тәжінов.
«Әдетте, көптеген байқауларда жеңіске жеткен бүлдіршіндер байқаудан соң тыс қалып жатады. Біздің алға қойған тағы бір мақсатымыз – жеңімпаз болған балалармен байланысты үзбей, шығармашылығын шыңдау».