Эмир Кустурица қазақстандық режиссер Әділхан Ержановты өзінің кинофестиваліне шақырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Эмир Кустурица қазақстандық режиссер Әділхан Ержановты өзінің кинофестиваліне шақырды

27.11.2014
Эмир Кустурица қазақстандық режиссер Әділхан Ержановты өзінің кинофестиваліне шақырды

Атақты серб режиссері Эмир Кустурица қазақстандық «Қожайындар» фильмінің режиссері Әділхан Ержановты өзінің кинофестиваліне шақырды. Қазақстандық режиссердің айтуынша, Кустурица оған жеке шақырту жіберген. «Бұл – мен үшін үлкен құрмет»,-дейді ол.

«Кустендорф» кинофестивалі Белград маңында осымен сегізінші рет өткізіліп отыр. Оған барлық елдің режиссерлері шақырылады. Алайда, шараға тек «голливудтық» рухқа ермейтін, өзіндік ерекшелігі бар киногерлер ғана қатысады.

Фестиваль қызыл кілем және папарацциясыз қарапайым  форматта өтеді. Бірақ, әр жылдары  «Кустендорфтың» құрметті қонақтары қатарында Джим Джармуш және Джонни Депп сынды атақты актерлер болған.

Кустурицаның режиссер Әділхан Ержановқа жазған хатында былай делінген: «Құрметті, Әділхан! Мен сіздің соңғы түсірген «Қожайындар» туындысын тағы бір тамашалау үшін  сізді кинофестивальге қуана шақырамын», дей келе, «Фестиваль  аясында біз студенттерге іріктелген жеті ұлы режиссердің туындысын көрсетеміз. Осы секцияда мен сіздің жұмысыңызды Никита Михалков, Андрей Кончаловский, Альфонсо Куарон, Элис Рорвакер және Рой Андрессон туындылары қатарынан көргім келеді»,-деп қорытқан.

Еске сала кетейік, «Қожайындар» фильмінің әлемдік премьерасы Каннда өткен. Кейін Әділхан Ержановтың жұмысы Словакияда, Голландияда, Польшада, Сингапурде, Оңтүстік Кореяда Канадада, Францияда және Ресейде өткен кинофестивальдерге қатысты. Картина сондай-ақ, «Листопад» 21-ші Минск халықаралық кинофестивалінде жүлдегер атанды.

Жалпы, фильм елдегі сыбайлас жемқорлық жүйесінің салдарынан баспанасынан айырылғалы отырған екі ағайынды мен олардың қарындастарының басынан өткен оқиғаны баяндайды.

Хабарламаларға жазылу