Астанада 5 желтоқсан күні көрнекті қаламгер, журналист Сәттар Ерубаевтың 100 жылдығына арналған кеш өтеді.
Осыған орай «Қазақ әуендері» АҚ президенті Асхат Маемиров «Таңшолпанда» қонақта болып, кеш турасында баяндап берді.
«Жалпы, Сәттар Ерубаев есімі жас ұрпаққа аса таныс емес. Ол қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған ұлы тұлға. Қаламгер Шоқан Уәлиханов, Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты 23 жасында құйрықты жұлдыздай ағып түсті. Сәттар шығармашылығы – сан қырлы. Ол – публицист, жазушы, ақын, сатирик, журналист. Биыл 100 жылдығын атап өтпекпіз. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Елордада үлкен мерекелік шара ұйымдастырылады. Мұнда қаламгер шығармаларының желісі бойынша театрлық қойылымдар көрсетіледі»,-дейді Асхат Маемиров.
«Сәттар Ерубаевтың шығармашылығы туралы сөз болған кезде, алдымен, «Менің құрдастарым» еске түседі. Бұл негізі аяқталмай қалған роман. «Менің құрдастарымда» бәрі бар. Жастық та, арман да, махаббат та бар. Сәттар замандастарының өмірге деген көзқарасы да осы романда көрініс тапқан. Жалпы, Сәттар Ерубаевтың замандастарының айтуынша да, бұл роман сөз саптауы, ой оралымы жағынан сол кездегі романдардың арасында құбылыс болған туынды».
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.