«Жырлаймын туған елімді» байқауының кезекті үміткері – Салтанат Қожа. Ол 1989 жылы 12-ақпанда Қызылорда облысында дүниеге келген. Алайда Салтанат байқауға Астана қаласының атынан қатысуда.
Салтанат Қожа - бірнеше республикалық байқаудың жеңімпазы. Мамандығы – әдебиеттанушы, сондай-ақ, филология ғылымдарының магистрі.
«Өмірдегі мақсатым – адам болып қалу. Ұстанымым - мақсатыма білімім арқылы, өнерім арқылы жету», - дейді ол.
Азаттық
Азаттықтың арайлы жаңа таңында,
Бір құдірет тулайды дара қаңымда.
Қазақ деген өр рухты қайсар халық қой,
Тағдырының жазуы алақанында.
Тарихымыз бар еске алар кеткендерінде.
Тәуелсіздік бұл – талайдың төккен терінде.
Алтындай боп жарқырар егемендігім,
Ауылдағы диқаншы кетпендерінде.
Шөл – ғасыр аналарымды шөлдеткенінде,
Баһадүрлер бұлқынған жөргектерінде.
Тәуелсіздіктің жазуы өріліп жатыр,
Әжелердің тоқылған өрмектерінде.
Жылдан-жылға көркейіп түлеп тірлігің,
Өмір кешем жұртымның тілеп бірлігін.
Қайсар рухты қазаққа ұқсатам кейде,
Жолбарыстың жұлқынған жүректілігін.
Тайғақ кешу тар жолдар тоқырады да,
Бейбіт күндер! Нұр төкті атырабыма.
Қадірімді қабірім басқанға дейін,
Тағзым етер жүрегім топырағыңа...
Айта кетейік, «Таңшолпан» ақпаратты сазды бағдарламасы көрермендер арасында «Жырлаймын туған елімді» атты патриоттық өлеңдер байқауын жариялайды. Еліміздің бүгінгі кескін-келбетін жырмен айшықтап, атамекенге деген махаббатты өлеңмен өру – байқаудың негізгі шарты.
Жыр додасына 18 жастан асқан кез келген үміткер қатыса алады. Жеңімпаз атанған қатысушыларға қомақты сыйлық бар.