«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты № 32388 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем және Еуропа кубоктарының чемпионы, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы кіші сержант Виталий Диденко кір тасын көтеру спорты бойынша сегізінші рет Әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің ресми сайты.
Ағымдағы жылдың 20-24 қараша аралығында Германияның Гамбург қаласында өткен Әлем чемпионатында жерлесіміз екі кір тасын 146 рет серпе, 200 рет жұлқа көтеріп, (әлем рекорды) Әлем чемпионы атанды. Екінші орынды ресейлік спортшы Андрей Кравцов иеленді. Жарысқа әлемнің 38 елінен сегіз жүзден астам спортшы қатысқан. Қазақстан Республиксының құрама командасы Ресей құрамасына жол беріп, жалпы командалық есепте екініші орынды иеленді.
«Маған биылғы жарысқа қатысу айтарлықтай қиыншылық туғызған жоқ. Биікті бағындыру қиын болды. 2013 жылғы Әлем чемпионатында ресейлік спортшы Андрей Кравцовқа жол беріп, екінші орын алған едім. Биыл мен бірінші орынға көтерілсем, ол екінші орынды бағындырып отыр. Әзірге есеп 1-1» – дейді Диденко.