Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған.
Әбіш Кекілбайұлының көптеген шығармалары ТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. 1986 жылы ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының, 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының, 1999 жылы «Отан» орденімен, Түркі елдері қауымдастығының шешімімен «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін сыйлығын» алды. 2003 жылы «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды.
Көрнекті қаламгер, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлық иегері Әбіш Кекілбаев әдебиетіміз үшін өлшеусіз еңбек сіңірді. Шоқтығы биік сөз зергерлерінің арасындағы бірі де бірегейі саналатын жазушының шығармашылығы зиялы қауымнан жоғары бағасын алды. Біз бүгін қаламгер туралы айтылған пікірлерді назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Мемлекет басшысы өз құттықтауында «Әбекең - әлемдік өркениеттің ортақ қазынасына олжа салған суреткер. Көркем ойдың, көркем әдебиеттің көсемсөзге жол берген тұсында ол ел-жұртына үлгі беретін үрдіске қол артып, уақыт мінберіне көтерілді. Ағынан жарылды, адалынан сөйледі. Әлі де қоғам мен қауымды толғандырған келелі мәселелерде кең толғар пайым қажет болғанда, қаламына қайраткер сөз ұштап, шынайы пікірі мен шырайлы бәтуасын жайып салады. Жұртының мүддесі үшін жазары таусылмаған жазушы болу да бір бақыт қой. Шіркін-ай, осындай қазақ көбірек болса екен деп тілеймін!», деген еді. Жазушының әдебиет майданы мен мемлекет ісіндегі ерен еңбегін қаламдастары да ерекше ілтипатпен бағалайды.
Бексұлтан Нұржекеев: «Меніңше, Кекілбаев қай сын мен қандай сынаққа да қасқайып қарай алады. Ол әдебиетке әуелі ақын болып келді. Жиырма бір жасында «Алтын шуақ» деген әдемі атпен өлеңдер жинағын шығарды. Алысты меңзейтін ой, тереңнен тартатын пікір өлеңнің өресіне ауырлық етті ме екен, Әбекең содан кейін-ақ қарасөздің қойнына сүңгіді. Қазір ол - қазақтың ең әйгілі прозашыларының бірі және прозамен ғана шектелмеген талант. Арамыздан оның сыншылығын олқы санар оқырман, ақын-жазушы немесе сыншы табыла қояр ма екен, сірә? Олардың қай-қайсысына да Әбіштен құптау есту, сын есту ешқашан әншейін нәрсе болып көрген емес. Әбекең - әдебиет босағасын аттаған күннен бері үзіліссіз, бәсеңдеусіз қаламын қару етіп келе жатқан бетті публицист: ол - елдің, әдебиеттің тарихы мен тіршілігіне ешқашан енжар қарап көрмеген адам, сондықтан қай кезде де қалам сардарларының алдыңғы сапында».
Қуаныш Сұлтанов: «Әбіш Кекілбаев - заманымыздың бір заңғар тұлғасы. Кекілбаев туралы сөз айту кімге болса да оңайға түсе қоймас. Өйткені Кекілбаевтың өзі бір әлем. Шүкір, қазір сол ғажайып әлемді зерттеп, оның ерекшеліктеріне шұқшия үңіліп, Кекілбаевтің шығармашылық өнері туралы жазылған мақалалар да бірнеше томға жетерлік. Әбекеңнің шығармашылық еңбегі туралы пікір білдіріп, еңбек жазғысы келген әрбір адам бұрынғы айтылған сөз, жазылған дүниелерді қайталағысы келмей, тың жол тапқысы келетіні де табиғилық. Оған қоса Кекілбаевтың өзінің әлем, қазақ тарихының көрнекті адамдары, замандастары, осы заманның, біздің қоғамның құбылыстары, бағыт-бағдары туралы толып жатқан ой толғаулары да, публицистикалық шығармалары да елге белгілі. Кекілбаевтай шешендікпен сөйлеп, Кекілбаевтың шеберлігіндей жазу - тек сол Әбекеңнің үлесіне тиген жеке тұлғалық ерекше қасиет».
Есенбай Дүйсенбайұлы: «Әбекең дүниеге келерден екі жыл бұрын тоталитарлық жүйе балтасы жұртына тұлға, ұлтына ұйытқы жақсы-жайсаңдарымызды қырқып алып кетіпті, өмір есігін ашқан соң тағы екі жылдан кейін соғыс өрті лапылдапты. Одан бертінгі асқына түскен орыстандыру саясаты нәтижесінде тұтас халықтың өз атамекенінде азшылыққа айналып, ассимиляцияға ұшырауы, тілінен, дінінен, ділінен айрыла жаздауы... Әбіштерді туғызған, әдебиет әлеміне әкеліп, қайраткерлік алаңына шығарған уақыт, заман, қоғам ерекшелігі осындай-тын. Ендеше, соның бәр-бәрін де қабырғасымен ғана емес, бүткіл жан-жүрегімен қаршадайынан сезініп жетілген, Намыс пен Нартәуекелді жалау етіп, жап-жас шағының өзінде-ақ адамзаттық ақыл-ой алыптарының арғы-бергі білім қорын түбіне жете түгел игеруі, оның үстіне, Құдай берген дарын-қабілеті арқасында ұстазы Әуезовтің ілтипат-ықыласын аударған Кекілбаев - суреткердің әп дегеннен-ақ өз шығармаларына ел тағдырын, жер тағдырын, халық бейнесін алтын арқау, асыл өзек-желі еткеніне тіпті де таңдануға болмас. Өз түйсінуімше, осы тұрғыда ол ұлттық әдебиеттегі сирек құбылыс қана емес, әлемдік деңгейдегі Толстой, Шекспир сынды титандармен үндес те рухтас деп ойлаймын».
Зұлқарнай Алдамжар, Байтұрсын Ілияс: «Оның қасқа маңдайына қазақтың ар-ұяты сыйып тұр. Төле, Қазыбек, Әйтеке тәрізді төбе билердің ақылындай ақылы, даналығы, қамқорлығы, бітіспес дауды бірауыз сөзбен шешер тілмарлығы, сөйлесе сөзге шешендігі, дүниені алдына алып толғанар ой тереңдігі, шебер жазушының ұлы таланты тұла бойында тұнып тұр».
Неміс сыншысы Зигрид Клайнмихель: «Қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Мұнара немесе аңыздың ақыры» (кітаптың немісше аты) романындағы және өзге де прозалық шығармаларындағы алуан бейнелер болмысты өнер арқылы тікелей өзгертуге құлшынады. Жазушы Ә.Кекілбаев материалды дала өмірінен алады да, өз тәжірибесіне сүйене отырып, баллада түрінде өткір драмалық прозаға айналдырады».
Марал Ысқақбаев: «Әбіш - қыры мол ірі дарын. Ол сыншы, жазушы, публицист, тарихшы, саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері, сонымен қатар орыс, қазақ тілінде көсіле сөйлейтін өзгеше шешен адам. Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке бір-бір азаматтың абыройын асырар қасиеттер ғой. Ал, бір Әбіштің бойынша тоқайласуы арқылы оны жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы қазақ топырағындағы ірі тұлғаға айналдырды. Әйтсе де осылардың ішінен бөліп алып, жеке қарастыратын ең басты да маңызды қыры жазушылық өнері болса керек. Қазақ халқының рухани кеңістігіндегі өзінше жеке әлем іспетті қазақ әдебиетінің шырқау көгіндегі Әбіштей жарық жұлдызды дүниеге келтірген дәл осы жазушылық дарыны. Қазақ үшін де, өзге үшін де Әбіш сол жазушылық өнерімен қымбат».
Мырзагелді Кемел: «Маған Әбіш Кекілбаев бүгінгі күнімен емес, ертеңімен өмір сүретін секілденеді. «Халық ертең мен туралы не айтады» деп уайымдамайды, не айтатынына сенімді, сол үшін өмір сүреді. Жинаған байлығы - білімі, ол қайырлы істерге қызмет етері сөзсіз. Соған сенімді».
Сайлаубек Жұмабек: «Қазіргі қазақ әдебиетінде ұлы суреткер Әбіш Кекілбаев біреу-ақ! Мұны оның қаламдас ағалары мен замандастары ерекше атап айтады. Шындығында да солай! Бүгінгі тәуелсіздік қазақ әдебиетінде ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы біреу-ақ! Мұны оның қаламдас інілері ерекше меншіктеп, ерекше теліп айтады. Ақиқатында осылай! Ежелден біртұтас қазақ әдебиетінің арғы-бергі немесе келешектегі тарихын алсақ та, ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы бәрібір біреу-ақ! Мұны өздерінен бұрынғылардың бәрінен асып туған болашақтағы қаламдастары айтатын болады. Тарих тағылымы әрқашан осылайша ғой. Сонымен, ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы біреу-ақ!».
Төлен Әбдік: «Бұл күнге жарқын талантымен ғана емес, кісілік қарапайымдылығымен, тектілігімен, өмірге, тарихқа көзқарасының тереңдігімен, сары алтындай сабырымен, азаматтық парасатымен халықтың жүрегінен алған Әбіш Кекілбаевтің шығармашылық шабыты шырқау шағында деп айта аламыз».
Манаш Қозыбаев: «Әбіш Кекілбаев... XX ғасырдағы қазақ қауымының, түркі әлемінің заңғар жазушысы, кешегі Мұхтар, Сәбит, Ғабит сияқты алдыңғы толқын ағаларымыздың мұрагерлерінің бірі, бұл күнгі қазақ әдебиетінің туын ұстаушылардың бірі, бірі болса бірегейі».
Жұмекен Нәжімеденов: «Ол - бір сырлы, сегіз қырлы талант. Ол талантты ақын, талантты сыншы, талантты прозаик. Бір кісіге осының біреуі де жетер еді. Оған табиғат үшеуін де берген. «Екі кеменің құйрығы» демекші, бұл жігіт үш кеменің құйрығын ұстап келеді».
Ә.Қабылов: «Ә.Кекiлбаев шығармаларында да сатира мен юмор, ирония элементтерi мол әрi концептуальдық қуатымен де, көркемдiк-эстетикалық байлығымен де ерекшеленедi. Бұл жайт жазушының идеялық ұстанымының, стильдiк өрнегi мен поэтикалық репертуарының табиғатына бойлататын әрi әдебиетiмiздегi күлкi құбылыстарының тылсым сырларын пайымдауға мүмкiндiк беретiн көркемдiк арналардың бiрi деп түсiнемiз».
Тұманбай Молдағалиев: «Жазушының тiлiнде де, дiлiнде де мiн жоқ. Қашанда сергек, қашанда сезiмтал, бәйгенiң алдынан ғана келетiн тұлпарларға ұқсатам мен Әбiштi. Ал, аспанға қарасам оның жұлдызын оңай танимын. Оның жұлдызы сол Әуезов, сол Шолохов, сол Айтматов, сол Нұрпейiсов жұлдыздарымен қатар тұр. Ол да жарық жұлдыз, мәңгi жанатын жұлдыз».
Герольд Бельгер: «Ә.Кекiлбаевтің көркемдiк палитрасының қуаты мен қасиетi де осында - ол ежелгi аңыз-әңгiмелердi бүгiнгi күннiң елегiнен өткiзiп, тарихи-философиялық тұрғыдан екшеп отырады, сол аңыз-әңгiмелерден күллi адам баласына ортақ адамшылық тамырларды тауып отырады. Өткен күндер шындығына бүгiнгi күннiң жарық сәулесiн түсiредi. Кекiлбаевтің суреткер ретiндегi ерекшелiгiнiң бiр парасын осы төңiректен iздеуiмiз керек».
Шерхан Мұртаза: «Тәңiр мен туған ана Әбiшке келiстi келбет берген. Атақты философ Артур Шопенгауэрдiң байқауынша, кiсi келбетi - бұл адамның кiм екенiнiң кепiлдемесi, өзi туралы ашық хаты iспеттес. «Мiне, мен осындай адаммын» деген мiнездеме оның дидарында ап-айқын жазулы тұрады».