Қазақстан әншісі Фархад Мәденов Кишиневте өткен Doua inimi gemene («Егіз жүрек») XII халықаралық конкурсында І орын алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Музыка байқауы ұлы композитор Ион Алдя-Теодорович пен оның зайыбы, белгілі әнші Дойна Алдя-Теодоровичті еске алуға арналды. Байқау талабы бойынша әр сайыскер Ион Алдя-Теодорович репертуарынан бір шығарма мен өзінің туған тілінде бір ән орындауы керек болды.
Қазақстандық орындаушы композитордың Lartă-mă («Кешір мен») әнін шырқауды ұйғарған. «Бұл әннің мағынасы - өмірде сүйікті әйеліңді анаңнан артық қойғаның үшін кешірім сұрау туралы. Маған бұл ән қатты ұнады, оны бар жан-тәніммен орындауға тырыстым. Молдова халқына менің орындауым қатты ұнады», - деді Мәденов.
Фархад Мәденов музыка фестивальдерінде тұңғыш рет лауреат болып отырған жоқ. Ол жуырда ғана «Қазақстанның алтын дауысы» атағын алған, сонымен бірге, Лас-Вегаста өткен «Хрусталь магнолия» атты жас орындаушылардың ХІХ халықаралық музыка конкурсында жеңімпаз атанды.