1997 жылдың 10 желтоқсанында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен Ақмола қаласы (қазіргі Астана) Қазақстанның астанасы болып жарияланды.
Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі астананы ауыстыру туралы шешімді 1994 жылдың 6 шілдесінде қабылдаған болатын. Осыдан кейін дайындық жұмыстары жүргізіп, құрылыс қарқынын арттыру әрі инфрақұрылымын дамыту мақсатында 1997 жылы Ақмола қаласында (қазіргі Астана) Ақмола арнайы экономикалық аймағы құрылды. Ол белгілі бір деңгейде жаңа елорданың дамуына өз септігін тигізді. ҚР Президентінің астананы көшіру туралы Жарлығы жарыққа шыққаннан кейін Алматыда Ақмолаға мемлекеттік органдарды қоныстандыру жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасының Президентінің Қаулысы бойынша, Ақмола атауы Астана болып өзгерді. Астана қаласының қазақ елінің жаңа астанасы ретінде халықаралық таныстырылымы 1998 жылы 10 маусымында өтті.
Айта кетейік, Астана күні 6 шілдеде аталып өтеді. Өйткені, дәл осы күні Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі астананы Алматыдан Ақмола ауыстыру туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл күн - мемлекеттік мереке.
1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі әрі қуатты өсуге, тұрақты этникааралық қатынасты орнықтыруға қол жеткізе алған ғаламшардың жас қалаларына беріледі.
1998 жылы Астана еркін экономикалық аймақтың WEPSA халықаралық қауымдастығына кірді. Әлемнің 15 қаласы - Қазақстан елордасының бауырлас қалалары, олардың арасында Мәскеу, Берлин, Варшава, Минск, Киев, Анкара, Бангкок және басқалары бар.
Бүгінде Астана түрлі халықаралық деңгейдегі шараларды өткізетін орталыққа айналып үлгерді. Мәселен, 2010 жылы елордада 11 жылдық тоқыраудан кейін ЕҚЫҰ саммиті ұйымдастырылып, өте жоғары деңгейде өткізілді. Сонымен қатар, 7-ші қысқы Азиада ойындары да жоғары талапқа сай ұйымдастырылды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі де тұрақты өткізіліп келеді.
Астана 2017 жылы EXPO-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізбек.