Астанада бағыттық жаңа автобустар жолға шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада бағыттық жаңа автобустар жолға шығады

11.12.2014
Астанада бағыттық жаңа автобустар жолға шығады

Астанада 12 желтоқсаннан бастап жолаушылар ағыны мол бағыттар (№9, 10) бойынша тасымалдауға шығатын жаңа автобустар таныстырылды.

Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков жаңа автобустардың техникалық сипаттамаларымен танысты. Олар пандустары мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдауға арналған едендерінің төмендігімен ерекшеленеді. Автобустар Астананың климаттық жағдайларына бейімделген. Атап айтқанда терезелері 3 камералық шыныдан тұрады, ауа баптау және жылыту жүйелері орнатылып, едендеріне арнайы жабын төселген. Сонымен қатар, бейнебақылау, жолаушыларды тасымалдау, WI-FI, валидатор және жолаушыларды ақпараттандыру жүйесі де бар.

Бұрын хабарланғандай, үстіміздегі жылғы қараша айының соңында қоғамдық көліктердің жұмысындағы кемшіліктер туралы қала тұрғындары тарапынан келіп түскен шағымдардың көптігіне байланысты елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков жолаушылар ағыны жоғары бағыттарға 36 жаңа автобус шығаруды тапсырған болатын.

Бүгінгі таңда елордада күн сайынғы жолаушылар ағыны 720 мың адамды құрайды, бұл қала тұрғындарының жалпы санының 28%-нан астамын құрайды. Алдағы уақытта қалалық көлік тасымалдаушылар жолаушылар ағынын 43% дейін ұлғайтпақ. Бұл жұмыстың басты компоненттерінің бірі қалалық жолаушылар автобустарының жылжымалы құрамын жаңарту және ұлғайту.

Хабарламаларға жазылу