«Көдесіне – күй тұнған, жусанға – жыр...» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Көдесіне – күй тұнған, жусанға – жыр...»

15.12.2014
«Көдесіне – күй тұнған, жусанға – жыр...»

Жандарбек Болатбекұлы – 1995 жылы 5 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, филология факультетінің II курс студенті.

Өлеңдері республикалық басылымдарда жарияланған. «Шабыт» халықаралық фестивалінің дипломанты.

«Мақсатым – елдің адал перзенті болу. Ал, ұстанымға келер болсақ, ата-анамның үмітін ақтау»,-дейді ол.

 

Табы қалмай көңілде мұң даламның,

Құстарымның сызылған тыңдап әнін,

Тартатындай еріксіз құшағына

Құдіреті бар нендей бұл даламның?!

Кербез далам, сырыңды шертесің көп,

Желі – жібек, самалы – ерке есілген.

Кезіп келем, көк майса шалғыныңды,

Тектілікті көшіріп кең төсіңмен.

Сұлу таңмен алқызыл бірге ентелеп,

Сәуле төгіп шығыпты Күн де ертерек,

Адыр, қырлы даланың мөлдір сырын,

Жел жымия жеткізді гүлге еркелеп.

Кеудемде жоқ, мұң менен кірбіңге орын,

Сенен ыстық жоқ құшақ бір білгенім,

Кермиығым көркіңнің дәлеліндей,

Мына жатқан жайқалған қыр,гүлдерің.

Қаңқылдайды әуелеп қаздар ана,

Аңқамды ашып, салады сазға жаңа,

Көдесіне – күй тұнған, жусанға – жыр,

Көзім тоймай қараймын, әз далама.

Сазға толды, тұп-тұнық өлең кеудем,

Қасиетіңді айнымас көрем белден.

Туған дала, ұлыңа құт дарыса,

Сол бір бақыт білемін, сенен келген.

Хабарламаларға жазылу