Жыл сайын елімізде «Алтын микрофон» атты ұлттық музыкалық байқау өтеді. Сол байқауда «Жылдың үздік жігіттер тобы» аталымын ұтып алған «Ағайындылар» тобы бүгін «Таңшолпанда» қонақта болды.
Өнер жолын енді ғана бастап келе жатқан топ мүшелері: «Әрине, өте қуаныштымыз. Дегенмен, бұл атақты алған кезде сәл ыңғайсыздандық. Себебі, біздің алдымызда бұл марапатқа әбден лайық алдыңғы буын ағаларымыз бар. Біз енді ғана бастап келе жатқан топпыз ғой. Десек те, бұл – халықтың таңдауы. Топ болып құрылғалы ең алғашқы марапат болғандықтан, бізге ерекше ыстық»,-дейді.
«Бізге көп жерде қойылатын сауалдардың бірі – топтың аты – «Ағайындылар, расымен де ағайынсыздар ма?». Біз ағайын емеспіз. Үшеуміз үш жүздің баласымыз. Қазақ ешқашан бөлінбесін, ағайын болсын, бауыр болсын деген ниетпен топты осылай атадық. Мәулен – Ұлы жүздің қазағы, Еркебұлан – Орта жүз, мен – Кіші жүзбін»,-дейді топ мүшесі Бауыржан Қаңтарбаев.
Топтың жаңа жылдағы жоспарлары туралы «Таңшолпаннан» біле аласыздар.