«Поэзия әлемінде» - Жанат Әскербекқызының шығармашылығы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Поэзия әлемінде» - Жанат Әскербекқызының шығармашылығы

24.01.2015
«Поэзия әлемінде» - Жанат Әскербекқызының шығармашылығы

Қазақтың қыздар поэзиясының көш басында Мәриям Хәкімжанова, Зияш Қалауова, Алмажан Азаматқызы, Фариза Оңғарсынова тұрса, бүгінде жаңа бағытпен ерекше тынысын ашқан ару ақындардың қатарында Жанат Әскербекқызы бар.

«Өлең – өмірдің бір үзігі», деп білетін ақын «кеудемді қысқан ойлардан, сезімдерден түн ішінде шырт ұйқыдан оянып алатын кездерім өте көп»,-дейді.

Ал, ақынның қаламдасы Қалқаман Сарин: «Жанат ақынның әдебиет хақындағы ғылыми еңбектері танымал профессорлармен баяғыда-ақ мойындалған. Ол сондай-ақ, Байронды, жапон ақыны Сайгены, түрік, орыс ақындарының бір шоғырын қазақша сөйлеткен шебер аудармашы. Қазақ мифологиясына алғаш түрен салған бірден-бір ақын»,-дейді.

Бүгін сағат 13.10-да «Поэзия әлемі» хабарында ақын Жанат Әскербекқызының өмірі мен шығармашылығы турасында толығырақ біле аласыздар.

Жанат Әскербекқызы – ақын, филология ғылымдарының кандидаты, доцент. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1966 жылы 1 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Қарасу ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген.

1982-1987 жылдар аралығында Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) филология факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алған.

2000 жылдан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында қызмет істеп келеді. Өлеңдері мектеп қабырғасынан республикалық басылымдарда жарияланған.

Республикалық «АҚҚҰС» жыр мүшәйрасының (1993) жүлдесін алған. Республикалық «Шабыт» фестивалінің Гран-при жүлдегері (1999), Президент стипендиясының иегері (1999). Бірнеше өлеңдер жинағының авторы.

 

ТАРБАҒАТАЙЫМ…

 

Сағым жөңкілген белім аман ба,

Жалпақжұрт - жайлау - төрім аман ба?

Аңыз боп жеткен ата қонысым -

Қос Арғанаты, желің аман ба?

 

Ынтызар едім желіңе бұла,

Демеу жетпей жүр деміме мына.

Кеудемді жарған керімсал өлең

Тіріге – сәлем, өліге – дұға.

 

Сағынышты әннің сазы бар ма екен,

Сазынан шерім жазылар ма екен,

Қаңқылдап ұшқан қараша қазы

Қамыққан үннен наз ұғар ма екен?!

 

Сарғайып қалған санамда кірбің,

Қолыма ұстаған қаламда кіл мұң,

Жалғанда жапа шегумен жаным

Жалғыздық дейтін аралда жүрмін.

 

Қабағын бағып кердең зәбірдің,

Жайсаңдар жайлар төрден қағылдым.

Тарбағатайым – тәу етер жерім,

Топырағыңнан өнген дәніңмін.

Хабарламаларға жазылу