Сәбит Оразбаев – Өзбекстанның да еңбек сіңірген әртісі. Бұл турасында ол: «Бұрын әр республика бір-бірімізге барып тұратынбыз. Әсіресе, өзбек ағайындармен қарым-қатынасымыз жақсы болатын. Бірде үлкен жиын болып, Өзбекстан Қазақстанның біраз азаматына атақ берді. Соның ішінде мен де Өзбекстанның Еңбек сіңірген әртісі деген құрметті атақ алдым»,-дейді.
Асқар Тоқпановтың шәкірті ұстазының ерекше болмысын «Асқар ағамызды елдегі бүкіл өнердің ағасы десе де болады. Себебі, атақты әртістердің барлығы сол кісінің тәлімін алған. Қазақ десе, жанын беретін ерекше ұстаз еді. Ол кісінің алдын көрген өнер адамдарының барлығы да түбі бір жерден шығатын»,-деп еске алады.
Сәбит Оразбаев кезінде 80-дегі Сүйеу қартты 30 жасында ойнаған әртіс. Бұқар жырау, Сүйінбай, Әбілқайыр хан сынды ұлы тұлғаларды шебер сомдаған актер. «Әрқайсысы жеке тұлға болған соң, оларды бір-біріне ұқсатпау мақсат-тын. Қазақ абыройының асқақтауы, мемлекет болуы – Сүйеу қарт сынды қариялардың тәрбиесін көргеннің арқасы. Мен Сүйеуді сомдаған кезде тіпті жас едім. Рөлдің маңыздылығын түсінетін жаста емеспін. Бірақ, Сүйеу қарт рөлі мені есейтті»,-дейді.
«Әбілқайырды ойнаған кезде еліміздің тарихын тереңірек оқыдым. Ол кезде тіпті құпия құжаттармен таныстым. Бұқар жырау жөнінде де ізденіс көп болды. Кезінде бізге «қазақтың тарихы Бұқар жыраудан басталады. Одан арғысына әуре болмаңыздар», деп түсіндірді. Керек десеңіз, одан арғысын сөндіру үшін қазаққа көзқарасы түзу емес ғалымдар 10 том кітап шығарған. Ал, егемендік алғаннан кейін елдің тарихын толығырақ біле бастадық. Қазақ хандығының 550 жылдығы ұрпаққа өте қажет дүние. Бұл – өте бір парасатты шаруа болды»,-дейді Халық әртісі.
Сұхбатты толығырақ «Таңшолпаннан» көре аласыздар.