Бүгін – Мұхтар Мағауиннің туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Мұхтар Мағауиннің туған күні

02.02.2015
Бүгін – Мұхтар Мағауиннің туған күні

Оның әдебиет зерттеушілігі, тарихшылдығы, көсемсөзшілігі бірімен бірі кірігіп жатқан бірлікте, ажыратуға келмейтін тұтастықта көрініс табады.

Қандай тақырыпқа қалам тартса да негізгі түйіні қазақ тағдыры, ұлттық болмысы, бабалар өнегесі, ұрпақ болашағы, тіл мен діл жайындағы ойларға барып тіреледі.

Тумысынан қабілетті, талапты бала Мұхтар жасынан кітапқұмар, білімге құштар болып өседі. Барлық пәнді жақсы оқумен қатар, әдебиетке деген ынтасы ерте оянған Мұхтар мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, қазақ әдебиетінің мол қырынан сусындап, әлем әдебиетінің үздік үлгілерімен танысып үлгереді.

Кіндік қаны тамып, ержеткен жері Ұлы Абай туып, өмір кешкен өлке болғандықтан, қалыптасқан дәстүр бойынша Абай өлеңдерін ерте бастан жаттап өскені өз алдына, күні кешеге дейін атын айтуға, шығармаларын шығаруға, оқуға тыйым салынған Шәкәрім туралы ескі көз қариялар айтқан әңгімелерден біліп, оның өлеңдеріне қанық болады.

Мұхтар Мұқанұлы Мағауин — 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы оның аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолын 1965 жылы бастайды. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1971 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкері болды. Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді.

1965-1986 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасында, «Жалын» альманағында бас редактордың орынбасары, Әдебиет және өнер институтында, ҚазПИ-да аға ғылым қызметкер, доцент, «Жазушы» баспасында бас редактор қызметтерін атқарған. 1988 жылдан «Жұлдыз» журналының бас редакторы. «Кешқұрым» атты тұңғыш әңгімесі «Жұлдыз» журналында жарияланды.

Қазақ халқының көрші мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынасы тарихи-көркемдік тұрғыдан тұңғыш рет суреттелген «Аласапыран» тарихи дилогиясы 1981-1983 жылы жарық көрді. Романда қазақ ордасын Тәуекел хан басқарған тұстағы (16-17 ғғ.) қоғамдық-әлеуметтік жағдай көрініс тапқан.

Жазушы шығармаларында 20 ғасырдағы ауыл, қала тұрмысы, түрлі әлеуметтік топ өкілдерінің тағдыры психология-философия тереңдікпен көркем бейнеленген. «Қобыз сарыны»(1968) монографиясында хандық дәуірде өмір сүрген ақын-жыраулар шығармаларын (15-18 ғ-лар) жүйелі түрде талдады.

«Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай, заман-ай, заман-ай» атты ақын-жыраулар шығармаларының антологиясын құрастырып, жарыққа шығарды. Ал, «Ғасырлар бедері», «Қазақ тарихының әліппесі» зерттеу еңбектері қазақ тарихының 500 жылдық кезеңін қамтиды.

Мағауин шығармалары баспасөз бетінде алғаш рет 1959 жылы көрінді. 60-жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. «Қобыз сарыны» атты ғылыми монографиясы жарық көрген (1968). Бұдан соңғы кезеңде көркем прозаға көбірек ден қойды. «Көкмұнар» (роман, 1972), «Бір атаның балалары», «Көк мұнар» (повестер мен әңгімелер), «Аласапыран» (тарихи роман-дилогия, 1980-1982), «Шақан Шері» (роман), «Мен» (ғұмырбаяндық роман-хамса), «Құмырсқа-қырғын» (әңгімелер), «Ұлтсыздану ұраны» (мақалалар) және тағы басқа кітаптары жарық көрген.

2002 жылы он үш томдық шығармалар жинағы басылып шықты. Көптеген шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде басылған. Шығармаларында қайталану жоқ, әсіресе соңғы жылдары бұрынғы дүниелеріне мүлдем ұқсамайтын, құрылымы жағынан өзгеше шығармалары «Қыпшақ аруы», «Құмырсқа қырғын».

Чехия Республикасынан жарық көрген «Жармақ» — қазақтың екі ғасырлық тарихы мен бүгінгі психологиялық тартыстар жүйесіне құрылған романы жазушыны мүлдем басқа қырынан көрсетеді.

«Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақстанның Халық жазушысы, Түркияның Халықаралық «Түркі дүниесіне қызмет» сыйлығының сахибы.

Хабарламаларға жазылу