«Абылай ханның арманы» атты тарихи драма ұсынылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Абылай ханның арманы» атты тарихи драма ұсынылады

02.02.2015
«Абылай ханның арманы» атты тарихи драма ұсынылады

7 ақпан күні  Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Абылай ханның арманы» атты  тарихи драма көрермен назарына ұсынылады. Туынды  Қазақ хандығының 550 жылдығына арналмақ. Аталмыш қойылымды ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова бастаған бір топ лауазым иелері тамашалайды, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.

Тарихи драманың авторы – жазушы, журналист, зерттеуші, драматург Думан Рамазан, режиссері – Қазақстанның  Еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.  Бұл  Д.Рамазан  мен  Б.Ұзақов  шығармашылығындағы екінші тарихи туынды болмақ.

Бұған дейін 2010 жылы драматург пен режиссер үндестігінде «Кенесары – Күнімжан» атты тарихи драма дүниеге келіп, бүгінгі таңға дейін көрерменнің  сұранысына ие қойылымның бірі.

«Абылай ханның арманы» - Абылай ханның жоңғар тұтқынына түскен кезінен басталады. Абылай ханның қазақ халқын өмір өткелегінен қалай аман-есен алып шыққаны баяндалады.

Шығармада ұлы ханның көшбасшылық қасиетімен бірге, адами болмыс-бітімі, сарабдал қайраткерлігі, сұңғыла саясаткерлігі, асқан ақыл-парасаттылығы, ержүрек батырлығы жан-жақты қырынан ашып көрсетіледі.

Абылай ханның рөлінде  «Қасым» телефильмінде Халық қаһарманы – Қасым Қайсенов, Е.Жуасбектің «Терең тамырлар» аллегориялық драмасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сынды тұлғаларды сомдап жүрген талантты актер – Қуандық Қыстықбаев.  

Хабарламаларға жазылу