Кино және театр актеры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Саят Мерекеұлы және танымал актриса ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ғайникамал Мұқанқызы бүгін «Таңшолпанда» қонақта болды.
Ұлттық арна эфирінен көрсетіліп жатқан «Қара шаңырақ» телехикаясында басты рөлдердің бірі ерлі-зайыпты Ермахан ата пен Гауһар апаның рөлін сомдайтын актерлер: «Бұл біздің ерлі-зайыпты болып ойнап жатқан алғашқы рөл емес. Режиссер Әубәкір Рахимов француздың ұлы жазушысы Мольердің «Ақымақ болған басым-ай» деген спектаклінде де ерлі-зайыптылардың рөлін сомдадық»,-дейді.
«Бұл – қазақ киносы тарихында алғашқы көпсериялы туынды. 100 бөлімді телехикая бар-жоғы 6 айдың ішінде түсірілді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», дейді».
Бүгінгі жас актерлердің өнеріне қатысты: «Бес саусақ бірдей емес, оның үстіне заман басқа. Бір ғана қарын ашатын дүние – бізде еліктеулішік деген басым. Өзіміздің қазақы құндылықтарымыз жоғалып барады. Үлкеннің кішіге деген көзқарасы, кішінің үлкенге қарым-қатынасы, адамның бір-біріне деген сүйіспеншілігі тым құнсызданып бара жатқан сияқты көрінеді»,-дейді Саят Мерекеұлы.
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.