Мектеп жасынан сахнаның қадірін түсініп, ел алдында ән салып, би билеген Бағдат Сәмединова үшінші сыныпта мектепаралық байқауда «Менің Қазақстаным!» әнін шырқап, жүлдеге ие болады.
«Ол кезде мектепте бір ғана баян бар. Соның сүйемелдеуімен ән саламыз. Басқа қандай әндер айтқаным есімде жоқ, бірақ, әнұранды айтып, сыйлық алғаным есімде»,-дейді әнші.
Кейін Алматыға келіп, Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк студиясында, халық әндеріне ерекше мән беретін, қазақтың халық әндерінің жанашыры болған Нәдия Шәріпова сынды білгір ұстаздың алдын көреді.
Бүгінде әнші ұстазының «Сенің даусың ешкімге ұқсамайтын халықтық дауыс», деп қамқорлық танытқанын әрі сағына, әрі қуана еске алады.
Бағдат Сәмединова – өзіндік мектебі қалыптасқан әнші. Өнер әлемінде, сахна төрінде жүрген ол қырық жылға жуық «Қазақконцерт» бірлестігінде еңбек етіп келеді.
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасының ресми сайтының мұрағатында Бағдат Сәмединованың таяуда өткен шығармашылық кеші толық нұсқада сақталған.
Біздің анықтама:
Бағдат Сәмединова – 1954 жылы 5 ақпанда Жамбыл облысы, Мерке ауданында дүниеге келген.
1975 жылы қазіргі Ж. Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжін, 1991 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған.
Әнші республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, Бішкек қаласында өткен А.Малдыбаев атындағы халықаралық өнер жарысының жеңімпазы атанған.
«Сазген» ансамблінің құрамында Италияда өткен фольклорлық фестивальдің Гран-при жүлдесін жеңіп алған. ҚР Еңбек сіңірген әртісі концерттік бағдарламамен әлемнің көптеген елдерінде болды.
Медальдармен, «Құрмет» грамоталарымен марапатталған.